ҚазҰУ ұжымының еңбегі жоғары бағаланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Алматы қаласы бойынша тергеп-тексеру департаментінің басшысы, генерал-майор Нұржан Исмағұловпен кездесті.

Нұржан Нығметұлы ҚазҰУ базасында өткен AFM AI Hackathon 2026 ауқымды инновациялық байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқаны үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізді. Ол мұндай іс-шаралар жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға, заманауи технологияларды меңгеруіне және жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретінін айтты.

Жансейіт Түймебаев университетте студенттердің сапалы білім алуымен қатар, олардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін және қоғам алдындағы белсенді ұстанымын қалыптастыруға ерекше мән берілетінін атап өтті. Осы бағытта құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор екенін алға тартты.

Жүздесу барысында Нұржан Исмағұлов ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты «Қаржылық мониторинг агенттігіне – 5 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар департамент басшысының «Құрмет грамотасы» ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимовқа, заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатовқа, Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Тахир Азатұлына табысталды.


Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, студенттердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жалғастыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі