Адамның болмысын айқындайтын маңызды көрсеткіш — ҚазҰУ

91ý

Адамның болмысын айқындайтын маңызды көрсеткіш

19 тамыз 2026
Адамның болмысын айқындайтын маңызды көрсеткіш

Қоғамдық пәлсапалық hәм танымдық тұрғыдан қарағанда «адам» ұғымы аса күрделі. XI ғасырда өмір сүрген түрік ғұламасы Мәулана Руми: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиет бар. Егер ішкі жан шаhарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде періште, кейде шайтани сипатқа айналып отырады», – деген екен.

Сол секілді әйгілі философ Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты кітабында: «Күнде таң­ер­­тең адамдар арасына ба­рып қосылғанда: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жырт­қыш­тармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай, үйіме аман-есен оралуым керек» деген пайым ұстанам», – дейді. 

Ал көне қытай ойшылдары адам­нан адамның айырмасы жайлы түрлі пікірлер айтқан. Мы­салы, данышпан Конфуций адам баласының қасиетін үш топқа жіктеп: дана адам – асып-таспайды, жақсы адам – күй талғамайды, батыл адам – қорықпайды десе, ал Чжан Цзы өзінің арғы тегінен ажырамаған адам – аспан адамы, рухани бас­тауынан бөлінбеген адам – қасиетті адам, шындықтан бө­лін­беген адам – кемел адам де­ген тұжырым жасаған. Тағы да даналық өсиеттерде:

«Ештеңе білмейтін, бірақ ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт.

Ештеңе білмейтін, бірақ өзінің ештеңе білмейтінін түсін­ген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет.

Барлығын білетін, бірақ білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят. 

Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт», деген екен.

Еуропалық ілім иелері, адам­ның адами қасиетін көп жағдайда тұрмыстық-әдеуметтік, мәдени құбылыстар арқылы бағалаған. Мысалы, неміс философы А.Шо­пен­гауэр адамдарды туабітті бекзада, қалталылар, таланттың тектілігі деп үшке бөлсе, орыс жазушысы Л.Толстой «пенде баласы үшін даналыққа (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар. Біріншісі – ой арқылы жету, бұл – шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл – ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл – ең жеңіл жол» деген.

Жалпы, адамнан адамның артықшылығы туралы мұсыл­ман ілім иесі Ә.Мұртада пенде баласын үш топқа бөліпті. Ол «Бірінші – раббани ғалымдар, екінші – құтқарылу жолына түс­кен ілім іздеушілер, үшін­ші – әркімге еліктеп өзін нұр­ландыра алмаған тобыр» деген ой білдірген. 

Ал шығыс данасы әл-Фараби адамды кемел­дендіретін екі нәрсе: олар, тәрбие мен бі­лім деген. Тіпті «Тәрбиесіз бе­рілген білім – адамзаттың қас жауы» деп, білімнің өзі бейтарап екенін, ал оны адам­гершілікпен, ізгілікпен ұштастырмаған жағдайда ол қоғамға зиян келтіруі мүмкін екенін ескерткен. Яғни тек білімді болу жеткіліксіз, ең бастысы – сол білімді қалай және қандай мақсатта қолдана білуде. 

Қазіргі заман тұрғысынан бұл өсиет ерекше өзекті: тех­нология мен ғылым дамы­ған кезеңде тәрбиесіз, жауап­кершіліксіз қол­данылған білім қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан, әл-Фараби ілімі бойынша, білім мен тәрбие қатар жүргенде ғана кемел тұлға қалыптасады. Барлық адам бірдей мүмкіндіктерге ие болмауы мүмкін, алайда әркім өз таңдауына жауап береді. Бір адам қиындықты сылтау етсе, екіншісі оны даму мүмкіндігі ре­тінде қабылдайды. Нақты әре­кетке көшу, жауапкершілікті өз мойнына алу – тұлғаның кемелденуінің белгісі.

Адамдарды бір-бірінен ерек­шелендіретін ең не­гізгі фактор – олардың құн­ды­лық­тары. Біреу үшін адалдық пен жауапкершілік бірінші орында тұрса, енді бі­реу үшін жеке табыс пен бе­дел маңызды болуы мүмкін. Құндылықтар адамның шешім қабылдауына, өмірлік бағытына және қоғам­да­ғы орнына тікелей әсер етеді. 

Қазіргі әлемде технология дамып, ақпарат қолжетімді бол­ған сайын адамдар бір-біріне ұқсай түскендей көрінеді. Дегенмен шын мәнінде әр адам – қайталанбас тұлға. «Адамның адамнан айырмасы неде?» деген сұраққа жауап іздеу – қоғамның рухани дамуы үшін аса маңызды болуда. Адамның ойлау тәсілі – оның болмысын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Сыни ойлай алатын, ақпаратты талдап, себеп-салдарын түсінетін адам кез келген жағдайда дұрыс бағдар таба алады. Ал үстірт ойлау мен дайын пікірге сүйену тұлғалық дамуды шектейді. Осы тұр­ғы­дан алғанда, яғни ойлау мәдениеті мен таным деңгейі, білім мен үздіксіз ізденіс – адам­дықты айқындайтын факторлар. 

Адамның адамнан айырмасы сыртқы келбетінде немесе әлеуметтік мәртебесінде емес, оның басқаға деген қарым-қатынасынан көрінетін нағыз адамдық қасиеттер – эмпатия, өзгені түсіне білу, қоғамға пайда келтіруге ұмтылу, яғни, ойлау тереңдігінде, құн­дылық таңдауында, жауап­кершілігінде және адамгершілік ұстанымында. Қоғамның тұрақты дамуы дәл осы қасиеттерге сүйенеді. Осындай қасиеттерді дамыту арқылы ғана жеке тұлға да, тұтас қоғам да биік деңгейге көтеріле алады.

Қазақ ойының биік шыңы А.Құ­нанбаев адам болмысының мә­нін терең ашып, «адамның адамнан айырмасын» анық көр­сеткен ұлы ойшыл. Адам­ды адам ететін үштаған – ақыл, қайрат, жүрек. Ақыл – дұрыс ойлау мен танымның негізі, қайрат – әрекет пен табандылықтың көзі, ал жүрек – мейірім мен адамгершіліктің өлшемі. Осы үшеуінің үйлесімі бар адам ғана толық адам бола алады. Ал олардың біреуінің же­тіс­пеуі адамды рухани тұр­ғы­дан кемелсіз етеді.

Абай адам мінезінің қалып­та­суына ерекше мән берген. Ол мақтаншақтықты, еріншектікті, надандықты сынға ала отырып, адам өзін тәрбиелеуі тиіс екенін ескертеді. Өз мінезін түзей алған адам ғана өзгеден озады. Осы тұрғыдан алғанда, адамның адамнан айырмасы – оның жауапкершілік деңгейінде.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауы­рым деп» деген өсиет кез келген заманда маңызын жоғалтпайды. Сондықтан адам болудың ең жоғары сатысы – адамгершілік деген. Өз пайдасынан бұрын елдің, қоғамның игілігін ойлайтын адам – нағыз кемел тұлға.

Абай ілімі бойынша, адам­ның адамнан айырмасы бай­лықта немесе атақта емес. «ылым таппай мақтанба» деп айырманың нақты өл­­ше­мі – білім мен еңбек де­ген. Білімсіздікті ең үлкен кемшілік ретінде көрсетеді. Адамды адамнан ажырататын басты белгі – оның білімге, еңбекке деген көзқарасы. Ол – ақылдың тереңдігінде, еңбектің адал­ды­ғында, жүректің таза­лы­ғында. Абай өсиеттерін өмірлік ұстанымға айналдырған тұлға ғана шынайы «толық адам» дә­режесіне көтеріле ала­ды. Бір адам уақытын бос өткізіп, жеңіл жолды іздесе, екіншісі үздіксіз үйреніп, еңбегі арқылы қоғамға пайда келтіреді. Бұл айырмашылық жеке тағдырға ғана емес, тұтас ұлттың дамуына әсер етеді.

Мәнсия ӘСЕМБАЕВА,

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті