Саналы профилактика: маусымдық инфекциялардан қорғаныс — ҚазҰУ

91ý

Саналы профилактика: маусымдық инфекциялардан қорғаныс

23 қараша 2025
Саналы профилактика: маусымдық инфекциялардан қорғаныс

20 қараша күні Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру аясында «Саналы профилактика: маусымдық инфекциялардан қорғаныс» атты мазмұнды әрі өзекті іс-шара өткізілді. Бұл бастама БҰҰ айқындаған ТДМ-ның 3-мақсаты – «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатын арттыру» бағытымен тығыз байланысты. ТДМ бүкіл әлем елдері үшін ортақ даму бағдарын айқындап, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қазақстан да осы мақсаттарды ұлттық саясатпен ұштастырып, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, аурулардың алдын алуға және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріп келеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – маусымдық респираторлық инфекциялар, соның ішінде ЖРВИ мен тұмаудың таралуының алдын алу және олардың қауіптілігін түсіндіру болды. Бұл аурулар ауа-тамшылы жолмен беріліп, әсіресе күз-қыс мезгілінде жиі кездеседі. Негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жөтел, тамақтың ауыруы және мұрын бітелуі жатады. Кейбір жағдайларда асқынулар дамуы мүмкін.

GM 24-01 (орыс бөлімі) тобының студенттері оқытушылар Аралбаева А.Н., Бондаренко А.С., Құдайбергенова А.К. жетекшілігімен профилактикалық акция ұйымдастырды. Қатысушыларға инфекциялардың таралу жолдары, қауіп факторлары және алдын алу шаралары туралы толық ақпарат берілді.

Профилактиканың негізгі әдістері ретінде қолды жиі жуу, антисептиктерді қолдану, бетперде тағу, бөлмелерді желдету және адамдар көп жиналатын орындарда сақтық сақтау ұсынылды. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану, дәрумендер қабылдау, жеткілікті ұйқы және физикалық белсенділік арқылы иммунитетті нығайту қажеттілігі атап өтілді. Тұмауға қарсы вакцинацияның тиімділігі ерекше көрсетілді.