Шығыстану факультетінде жаңа Конституция жобасы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде қоғам талқылауына ұсынылған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасына арналған академиялық тыңдаулар аясында «Жаңа Конституция жобасы және Қазақстан Республикасының Шығыс елдерімен ынтымақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған іс-шара барысында факультет ұжымы елдің саяси-құқықтық жаңғыру үдерісіне бейжай қарамайтындарын білдіріп, өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды пікір алмасты. Жиында оқытушы-профессорлар құрамы Конституция жобасының жекелеген баптарына қатысты ой-пікірлерін, ұсыныстары мен сараптамалық көзқарастарын ортаға салды.
Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан Шарипбайұлы кіріспе сөзінде дөңгелек үстелдің негізгі мақсатына тоқталып, Конституциялық реформаның мәні мен маңызын жан-жақты талқылаудың қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа жобаның азаматтардың күнделікті өміріне, құқықтық мәдениетінің қалыптасуына және қоғамдық белсенділігіне ықпалын саралау, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Шығыс елдерімен ынтымақтастығының болашақ даму бағыттарына әсерін талдау маңызды екендігін жеткізді.
Дөңгелек үстел барысында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Жумажанова Фарида Тоқанқызы, Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының оқытушылары Қуанышбаев Ержан Айтуұлы мен Ілияс Нұрат Құлымбетұлы, Қиыр Шығыс кафедрасының PhD докторы Ақын Бақдаулет Қалиахметұлы, сондай-ақ Қытайтану кафедрасының оқу және тәрбие істері жөніндегі орынбасры PhD докторы Керимбаев Ержан Әбдірайымұлы өз ойларын білдіріп, мазмұнды әрі ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты. Іс-шара қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының ел дамуы мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне ерекше назар аударып, ұсыныстарын білдірді.
Басқа жаңалықтар