- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты
026 жылғы 18–19 маусым күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына арналған «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Іс-шара Алматы облысындағы «Oi-Qaragai» тау курортында өтіп, табиғатты қорғау, экология, туризм және тұрақты даму салаларындағы жетекші ғалымдар мен мамандардың басын қосты.
Конференция жұмысына рекреациялық география және туризм кафедрасының өкілдері – география ғылымдарының кандидаты, профессор Ақтымбаева Әлия Сағындыққызы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Артемьев Александр Михайлович, PhD, кафедра меңгерушісі, доцент м.а. Байбуриев Руслан Мұратұлы және «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Доспулатова Диана қатысты.
.jpeg)
Секциялық отырыстар барысында қатысушылар тау аумақтарының биоалуантүрлілігін сақтау, ұлттық парктердегі экологиялық туризмді дамыту, табиғатты қорғау мен туристік қызмет арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайындағы тау экожүйелерінің тұрақтылығы мәселелерін талқылады.
.jpeg)
Конференцияның екінші күні ҚазҰУ өкілдері Іле-Алатауы ұлттық паркінің Түрген филиалында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараларға қатысты. Бағдарлама аясында келушілерге арналған заманауи Визит-орталықтың ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар әлемдегі мәдени алма сорттарының арғы тегі болып саналатын Сиверс алмасына арналған ғылыми-танымдық экологиялық соқпақтың салтанатты ашылуына қатысты. Бұл жоба өңірдегі экологиялық ағарту жұмыстарын дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және тұрақты экотуризмді ілгерілетуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Халықаралық конференцияға қатысу кафедра ғалымдарына табиғатты қорғау және тұрақты туризм саласындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және тау аумақтарының тұрақты дамуына бағытталған зерттеулердің нәтижелерін таныстыруға мүмкіндік берді.
.jpeg)
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар Еуразияның табиғи мұрасын сақтауға және таулы өңірлердің рекреациялық ресурстарын тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған пәнаралық зерттеулерді одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.