«Қалдықтарды қайта өңдеу – жасыл экономиканың қозғаушы күші» — ҚазҰУ

91ý

«Қалдықтарды қайта өңдеу – жасыл экономиканың қозғаушы күші»

2 наурыз 2026
«Қалдықтарды қайта өңдеу – жасыл экономиканың қозғаушы күші»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары экономика және бизнес мектебінің Экономика кафедрасында Есенгелдиева Г.Т., Табеев Т.П. және Жоламанов Е.М.-нің жетекшілігімен «Қалдықтарды қайта өңдеу – жасыл экономиканың қозғаушы күші» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Экономика» және «Цифрлық экономика» мамандықтарының екі бөлімінің студенттері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерде қалдықтарды қайта өңдеудің орнықты дамуға әсері, экологиялық жүктемені азайтуы, ресурстарды тиімді пайдалану және экономикалық өсудің жаңа бағытын қалыптастырудағы рөлі туралы кешенді түсінік қалыптастыру болды. Іс-шара барысында қалдықтарды қайта өңдеу мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары арасындағы өзара байланыс ашып көрсетілді. Атап айтқанда: ТДМ 11 – экологиялық тұрақты қалаларды қалыптастыру; ТДМ 12 – жауапты тұтыну мен өндірісті қамтамасыз ету; ТДМ 13 – климаттың өзгеру салдарын азайту шаралары; ТДМ 9 – инновациялар мен технологиялық шешімдердің, соның ішінде қайта өңдеу саласын цифрландырудың маңыздылығы.

Студенттер екі тілде дайындалған баяндамаларын ұсынды: орыс тілінде Шумейко Анастасия, ал қазақ тілінде Худайбергенов Зафар мен Лукманова Жұлдыз баяндама жасады. Өз баяндамаларында олар қалдықтарды қайта өңдеудің экономикалық, экологиялық және технологиялық аспектілерін талдап, саланың қазіргі жағдайын, әлемдік үрдістерді, процестерді мониторингтеу мен оңтайландырудың цифрлық құралдарын, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамытудың әлеуметтік маңызын көрсетті. Қатысушылар жасыл экономикаға көшу инновацияларды енгізусіз, орнықты өндірістік модель қалыптастырмай және қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін еместігін атап өтті.

Қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында интерактивті ойын ұйымдастырылып, жасыл экономиканың негізгі ұғымдарын меңгеру деңгейі тексерілді және студенттердің білімдері мен эрудициясы бағаланды. Кафедра доценті Жанкубаев Б.А. өз тәжірибелік кейстерімен бөлісіп, жас экономистердің қоршаған ортаның сапасын жақсарту, табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелерін көтеруі қуантарлық жағдай екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел білім алмасу, сыни ойлауды дамыту және болашақ мамандардың экономикалық үдерістерге экологиялық тұрғыдан қарауын қалыптастыру алаңына айналды. Іс-шара орнықты тәсілдерді кәсіби қызметке енгізудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.