Қазақстан қоғамының трансформациясы жағдайындағы гендер мәселелері
2026 жылдың 11–13 ақпан күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кәсіби бағдар беру жұмысы аясында қала төріндегі №71 мектеп-лицейі қабырғасында бітіруші сынып оқушыларымен тағылымды кездесу өтті. Жас ұрпақпен жүздесуге арналған көшбасшылық дәріс «Қазақстан қоғамының трансформациясы жағдайындағы гендер мәселелері» тақырыбына арналды.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – заң факультетінің студенті Жакитов Богдан. Ол өзі түлеп ұшқан білім ордасымен байланыс орнатып, мектеп пен университет арасындағы рухани көпірге айналды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ көшбасшылық қасиетімен танылып, оқушылар қауымдастығының Президенті болған Богдан бүгінде «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша 4-курс старостасы, әрі факультеттің «Справедливое право» ғылыми қауымдастығының белсенді мүшесі.
Дәрістің спикері – заң ғылымдарының докторы, заң факультетінің теория және мемлекет пен құқық тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті Калишева Н.Х. ылыми пайымы терең ұстаз алдағы 2024–2027 жылдарға арналған Үкіметтің ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету жөніндегі Іс-қимыл жоспары жобасын талқылау қарсаңында мазмұнды баяндама дайындап келді.
Кездесудің жоғары деңгейде өтуіне мектеп басшылығы да қолдау білдірді. Атап айтқанда, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кулинская Л.Р. 9–11 сынып түлектерімен еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасады.
Дәріс барысында қозғалған мәселелердің ауқымы кең әрі өзекті болды. Гендерлік теңсіздіктің тарихи тамырлары, «гендер» ұғымының мәні, дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдің орны, гендерлік зерттеулердің дүниетанымы мен әдіснамасы, БҰҰ-ның әйелдер жағдайын жақсартудағы рөлі, әйел құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық құжаттар, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, Қазақстандағы ЛГБД құқықтары, сондай-ақ Швецияның гендерлік теңдік саясаты – осының бәрі оқушыларды терең ойға жетелеген тақырыптар болды.
Гендерлік теңсіздік – қоғам дамуындағы теңгерімсіздік көрінісі. Ол ерлер мен әйелдер деп аталатын екі әлеуметтік топтың арасындағы айырмашылықтарды айқындайды. Осы айырмашылықтар маскулиндік пен фемининдік ұғымдарын қалыптастырады. Алайда гендерлік зерттеулер бұл ұғымдарға біржақты емес, кешенді көзқараспен қарайды. Семинардың басты мақсаты – Қазақстан мен бірқатар шетел елдеріндегі гендерлік мәселелердің қалай зерттелетінін, жыныстар арасындағы өзара қарым-қатынастың ғылыми тұрғыда қалай түсіндірілетінін көрсету болды.
Мұндай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтетін, қоғамдық санаға серпін беретін маңызды алаң. Гендерлік теңдік мәселелерін ашық талқылау – білім берудің ғана емес, «Жаңа Қазақстан» идеясы аясында қоғамның әлеуметтік жаңғыруының да маңызды бөлігі екені сөзсіз.