«Заманауи геодезиялық технологиялар: GNSS-тен 3D-сканерлеуге дейін»
10 наурыз – Қазақстан Республикасындағы Жерге орналастыру, геодезия және картография күніне орай Картография және геоинформатика кафедрасының ұйымдастыруымен «Заманауи геодезиялық технологиялар: GNSS-тен 3D-сканерлеуге дейін» тақырыбында кәсіби іс-шара өткізілді.
Іс-шараға кафедра оқытушылары, магистранттар және студенттер қатысып, геодезия саласындағы заманауи технологиялармен танысуға мүмкіндік алды. Шара барысында жетекші өндірушілердің заманауи геодезиялық жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылып, құрал-жабдықтардың жұмыс істеу ерекшеліктері мен қолдану мүмкіндіктері таныстырылды.
Іс-шара аясында нақты жобаларда GNSS технологиялары мен 3D-сканерлеуді қолдануға арналған тәжірибелік семинар-тренинг өткізіліп, қатысушыларға геодезиялық құралдардың заманауи мүмкіндіктері практикалық тұрғыда түсіндірілді. Сонымен қатар сала мамандарымен интерактивті «сұрақ–жауап» сессиясы ұйымдастырылып, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.
Шараның спикерлері ретінде «ГЕО Мастер А» ЖШС компаниясының өкілдері - сату бөлімінің жетекшісі Щекутеев Александр Ергалиевич және сату бөлімінің менеджері Молдамусаев Шынгыс Лесбекович қатысып, заманауи геодезиялық технологиялар мен құрал-жабдықтар туралы мазмұнды ақпарат берді. Сонымен қатар TОО «Leica Geosystems Kazakhstan» компаниясының қызметкерлері — менеджер по продажам и технической поддержке Ким Александр Сергеевич және менеджер по продажам и технической поддержке Стариков Сергей Александрович заманауи геодезиялық аспаптардың техникалық мүмкіндіктері мен оларды практикалық қолдану жолдарын таныстырды.
Іс-шара барысында геодезия, картография және геоинформатика салаларының тұрақты дамудағы маңызы ерекше екендігі атап өтілді. Кеңістіктік деректер мен геодезиялық технологияларды тиімді пайдалану Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға, атап айтқанда: №9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым», №11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», №13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл» бағыттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады.
Картография және геоинформатика кафедрасы атынан іс-шараға арнайы қатысып, кәсіби тәжірибелерімен бөліскен «ГЕО Мастер А» ЖШС және «Leica Geosystems Kazakhstan» компанияларының мамандарына шынайы алғыс білдіріледі. Іс-шара соңында қонақтарға кафедра тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.
Аталған кездесу студенттердің кәсіби білімін толықтырып, геодезия саласындағы заманауи технологиялармен танысуына және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар