2026 жылғы 11 наурыз күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпараттық жүйелер және Киберқауіпсіздік және Криптология кафедраларының ұйымдастыруымен студенттерге арналған ауызашар кеші өткізілді. Іс-шара №8 Студенттер үйінде ұйымдастырылып, қасиетті Рамазан айының рухани құндылықтарын насихаттауға және студенттер мен оқытушылар арасындағы өзара сыйластықты арттыруға бағытталды.
Ауызашар кешіне аталған кафедраларда білім алып жүрген 100-ден астам студенттер қатысты. Сонымен қатар профессорлық-оқытушылар құрамы да шараға қатысып, студенттермен жүздесіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Бұл кездесу студенттер мен оқытушылардың бір дастархан басында бас қосып, еркін пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Кеш барысында кафедра меңгерушілері студенттерге ізгі тілектерін арнап, Рамазан айының адам өміріндегі рухани маңызына тоқталды. Олар бұл қасиетті кезеңнің адамдарды мейірімділікке, сабырлылыққа және бір-біріне жанашыр болуға тәрбиелейтін ерекше уақыт екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттердің білім жолындағы табыстарына тілектестік білдіріп, болашақта білікті маман болып қалыптасуына сенім артатындарын жеткізді.
Студенттер де өз кезегінде бір-біріне ізгі тілектер айтып, ауызашар дастарханы басында еркін әңгіме өрбітті. Осындай бейресми форматтағы кездесулер студенттер мен оқытушылар арасындағы байланыс пен түсіністікті нығайтуға ықпал ететіні ерекше байқалды.
Ауызашар кеші кафедра оқытушыларының студенттерге деген қамқорлығы мен мейірімді қарым-қатынасының жарқын көрінісіне айналды. Оқытушылар үшін студенттердің тек білім алып қана қоймай, рухани тұрғыдан да дамуы маңызды екені осындай игі бастамалар арқылы көрініс табады.
Іс-шара жылы әрі жайлы атмосферада өтті. Қатысушылар қасиетті айдың берекесін бірге сезініп, өзара сыйластық пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте ұғынды. Кеш соңында студенттер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасуына ниет білдірді.
Басқа жаңалықтар