ҚазҰУ мен Журналистика академиясының бірлескен отырысы өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен Журналистика академиясының бірлескен отырысы өтті

17 маусым 2026
ҚазҰУ мен Журналистика академиясының бірлескен отырысы өтті

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан журналистика академиясының бірлескен көшпелі отырысы өтті. Айтулы шара заманауи ғылым мен медианың тоғысқан тұстарын айқындаған маңызды алаңға айналды. 

БАҚ өкілдері алдымен университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін таныстыратын арнайы кампус-тур аясында ҚазҰУ-дың озық ғылыми орталықтарын аралады. Журналистер Қазақстан-Қытай «Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» бірлескен зертханасы, Farabi Supercomputer Center және Ми институты, Farabi Hub инновациялық өнімдер орталығы мен Farabi Robotics робототехника орталығы қызметімен танысты.

Көшпелі отырысты ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Университет басшысы заманауи медиа кеңістіктегі бәсекелестік заманында сапалы кадр даярлаудың маңызын атап өтіп, оқу орнының журналистика саласындағы тарихи миссиясына тоқталды. 

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – отандық журналистика білімінің алтын бесігі, қара шаңырағы болып қала береді. Біз үшін журналист даярлау – жай ғана диплом беру емес, елдік мүддені ту еткен, сөзіне де, ісіне де жауапты тұлға қалыптастыру», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев әріптестерін құттықтап, әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы баспасөз өкілдерінің маңызды миссиясын атап өтті. 

Жиын барысында отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан сала үздіктеріне арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі