«Таза орта – сау ұлт» атты экологиялық жобалар сайысы — ҚазҰУ

91ý

«Таза орта – сау ұлт» атты экологиялық жобалар сайысы

18 наурыз 2026
«Таза орта – сау ұлт» атты экологиялық жобалар сайысы

Күні: 18 наурыз 2026
⏰ Уақыты: 12:00
📍 Мекен-жайы: Әл-Фараби 71/23, FIT, 303-ауд.
Ақпараттық технологиялар және Жасанды интеллект факультетінде ерекше мазмұнға толы «Таза орта – сау ұлт» атты экологиялық жобалар сайысы жоғары деңгейде өтті. Бұл шара Киберқауіпсіздік және Криптология кафедрасы мен Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының студенттері арасында ұйымдастырылып, табиғатты қорғау мен экологиялық сананы арттыруға бағытталды.

Сайыстың басты мақсаты – студенттердің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, экологиялық мәселелерге инновациялық тұрғыдан қарауға баулу және заманауи технологиялардың көмегімен табиғатты сақтаудың тиімді жолдарын ұсыну болды. Қатысушылар «Табиғатты аялайық» бағыты аясында өз жобаларын қорғап, тың идеяларымен бөлісті.

Әр команда 3 студенттен құралды. Командалар арасында Киберқауіпсіздік және Криптология кафедрасының 24-02 тобының студенттері Аронов Данияр, Төлеген Арман және Тілеген Нұрбақ топ жарды және алғыс хатпен марапатталды. Олар өз жобаларында жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық технологияларды қолдана отырып, экологиялық мәселелердің шешімін ұсынды. Атап айтқанда, қалдықтарды сұрыптау жүйесін автоматтандыру, ауа сапасын бақылау, су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ экологиялық мониторингті цифрландыру сияқты маңызды бағыттар қамтылды.

Қатысушылар тек теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларын да көрсете білді. Жобалар креативтілігімен, өзектілігімен және жүзеге асыру мүмкіндігімен ерекшеленді. Әрбір топ өз идеясын нақты дәлелдермен негіздеп, аудитория алдында сенімді түрде қорғады.

Бұл сайыс студенттердің ғылыми-зерттеу қабілетін дамытуға, топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және өз ойларын еркін жеткізуге үлкен мүмкіндік берді. Сонымен қатар, экология мен технологияны ұштастыру арқылы болашақ мамандардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

«Таза орта – сау ұлт» жобасы – бұл тек сайыс қана емес, табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам. Осындай бастамалар арқылы жастардың экологиялық мәдениеті қалыптасып, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгереді деп сенеміз. Табиғатты аялау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз!