«Түркия: тіл, тарих және мәдениет» — ҚазҰУ

91ý

«Түркия: тіл, тарих және мәдениет»

27 наурыз 2026
«Түркия: тіл, тарих және мәдениет»

2026 жылғы 27 наурыз күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен білім алушы студенттер ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Академиясы базасында өткен «Түркия: тіл, тарих және мәдениет» атты республикалық байқауға қатысты. Аталған байқауға «Түркітану» білім беру бағдарламасының 3-курс және «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері қатысып, жоғары оқу орындары арасындағы бәсекеде өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің түркі әлеміне қатысты тілдік, тарихи және мәдени білімдерін тереңдету, олардың ғылыми-танымдық әлеуетін арттыру, сондай-ақ заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану дағдыларын дамыту болды. Байқау барысында қатысушылар тек теориялық білімдерін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық ізденістерін, сыни ойлау қабілеттерін және топпен жұмыс істеу дағдыларын да паш етті.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз университетін таныстыратын бейнеролик ұсынып, оқу орнының ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетті. Екінші кезеңде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, берілген тақырып аясында бейнепрезентациялар әзірленді. Үшінші кезеңде викториналық сұрақтар арқылы студенттердің білім деңгейі сыналды. Соңғы кезеңде өнер сайысы ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық мәдениет элементтерін шығармашылық тұрғыда таныстырды.

Байқау қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары арасында өткен сайыста ҚазҰУ студенттерінен құралған команда «БАС ЖҮЛДЕ» иегері атанып, үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, университет студенттері «Ең үздік жасанды интеллект қолданушысы» және «Көрермен көзайымы» номинацияларын жеңіп алып, өздерінің жан-жақты дайындықтарын дәлелдеді. Команда құрамында 5 студент болып, олар жоғары деңгейдегі ұйымшылдық пен жауапкершілік танытты.

Студенттерді байқауға Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Г.А. Канашаева және оқытушы К.Б. Аширкулов дайындап, олардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағыт-бағдар берді. Оқытушылардың кәсіби жетекшілігі мен студенттердің белсенді еңбегінің нәтижесінде жоғары жетістікке қол жеткізілді.

Аталған байқау студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына оң ықпал етіп, олардың халықаралық деңгейдегі білім бәсекесіне қабілеттілігін арттырды. Сонымен қатар, бұл жетістік университет абыройын асқақтатып, түркі әлеміне деген қызығушылықты одан әрі нығайтуға септігін тигізді.

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы аға оқытушысы Г.А. Канашаева, кафедраның аға эдвайзері К.Б. Аширкулов