ТДМ 12. «Жауапты тұтыну және өндіріс»
2026 жылғы 28 наурызда Шетел филологиясы мамандығының магистранттары Билал Зере, Айтжан Балжан, Муса Айгерим, Дауренбаева Аида тұрақты даму мақсаттарының бірі — «Жауапты тұтыну және өндіріс» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара өткізді. Іс-шараның жетекшісі — Таева Роза Масимкановна.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың жауапты тұтыну мәдениеті, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіз өндірістің маңыздылығы туралы білімдерін кеңейту. Сонымен қатар қатысушыларға күнделікті өмірде табиғатқа келетін зиянды азайту жолдарын түсіндіру және экологиялық сананы қалыптастыру көзделді.
Іс-шара барысында студенттер бірнеше топқа бөлініп, тақырыпқа сәйкес арнайы презентациялар дайындап, оларды қорғады. Әр топ өз бағыты бойынша теориялық мәліметтер ұсынып қана қоймай, мәселенің маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Презентация қорғау барысында қатысушылар экология, тұтыну мәдениеті, қалдықтарды сұрыптау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
1-топ «Қалдықтарды қайта өңдеу» тақырыбында баяндама жасады. Бұл топ өз жұмысында қайта өңдеудің мәнін ашып, қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар қағаз, пластик және әйнек сияқты материалдарды қайта өңдеудің қоршаған ортаны қорғаудағы рөліне тоқталды. Тақырып аясында қоқысты дұрыс сұрыптау арқылы табиғатқа түсетін салмақты азайтуға және ресурстарды үнемдеуге болатыны айтылды.
2-топ «Жауапты тұтыну» тақырыбын таныстырды. Презентация барысында адамдардың қажетсіз заттарды шамадан тыс сатып алмауы, су, электр энергиясы мен азық-түлікті үнемдеу қажеттілігі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар табиғатқа зиянды азайту үшін күнделікті өмірде қолдануға болатын қарапайым әрі тиімді тәсілдер ұсынылды. Топ мүшелері жауапты тұтыну мәдениеті адамның қоршаған ортаға саналы көзқарасынан басталатынын атап өтті.
3-топ «Экологиялық таза өндіріс» тақырыбында өз жұмыстарын қорғады. Бұл бөлімде өндіріс орындары мен зауыттардың табиғатқа әсері, қоршаған ортаның ластану себептері және тауарларды қауіпсіз жолмен өндірудің маңыздылығы қарастырылды. Сондай-ақ өндірістегі зиянды қалдықтарды азайту, экологиялық талаптарды сақтау және қауіпсіз технологияларды енгізу жолдары талқыланды.
Іс-шара барысында қатысушылар тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салып, белсенді пікір алмасты. Презентациялар мазмұнды, танымдық және өзекті болды. Әр топ берілген тақырыпты жан-жақты ашып, жауапты тұтыну мен өндірістің қоғамдағы рөлін түсіндіруге тырысты. Іс-шара білім алушылардың экологиялық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, табиғатқа ұқыпты қарау қажеттігін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді. Бұл іс-шара студенттердің қоршаған орта мәселелеріне қызығушылығын арттыруға және табиғатты құрметтеу қажеттілігін, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды және тұрақты дамудың маңыздылығын тереңірек түсінуге ықпал етті.
Басқа жаңалықтар