ҚазҰУ-да Әзірбайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да Әзірбайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды

6 сәуір 2026
ҚазҰУ-да Әзірбайжан жоғары оқу орындарының көрмесі басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық орталығында «Study in Azerbaijan» атты Әзірбайжан жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Екі күнге жоспарланған шара бауырлас екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуды көздейді.

Көрменің ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзірбайжан Республикасының ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, сондай-ақ екі мемлекеттің жетекші ЖОО ректорлары мен білім саласының сарапшылары қатысты.

Халықаралық шараға Әзірбайжанның 25-ке жуық үздік университеті қатысуда. Талапкерлер мен студенттер бауырлас елдің білім беру бағдарламаларымен, академиялық мүмкіндіктерімен және ғылыми жетістіктерімен таныса алады. Көрме аясында гранттар, академиялық ұтқырлық, қосдипломды білім беру және оқуға қабылдау шарттары бойынша егжей-тегжейлі кеңестер берілуде.

Жиын барысында министр Саясат Нұрбек бұл бастаманың екіжақты байланыстың логикалық жалғасы екенін атап өтті. «Өткен жылы Әзірбайжанда ұйымдастырылған «Study in Kazakhstan» көрмесіне 2500-ден астам жас қатысып, үлкен қызығушылық танытты. Сол сапар барысында 80-ге жуық маңызды келісімге қол жеткізген болатынбыз. Бүгінгі шара сол жемісті ынтымақтастықтың нәтижесі. Әзірбайжан үкіметі қазақстандық талапкерлерге арнайы гранттар ұсынып отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, білімін шыңдауға ашылған үлкен мүмкіндік», – деді министр.

Өз кезегінде Әзірбайжанның ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев білім саласындағы интеграцияның маңызына тоқталды. «Қазақстан мен Әзірбайжан – тарихы мен мәдениеті тамырлас мемлекеттер. Білім саласындағы әріптестік осы рухани жақындықты нығайта түседі. Біз қазақстандық студенттерге сапалы білім мен заманауи мүмкіндіктер ұсынуға дайынбыз. Мұндай алаңдар жастарға болашақ мамандығын дұрыс таңдап, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі», – деді Э.Амруллаев.

Айта кетейік, көрме 7-8 сәуір күндері ҚазҰУ-дың Farabi Hub орталығында жалғасады. Кез келген талапкер Әзірбайжан университеттеріне оқуға түсу шарттары мен гранттық бағдарламалар туралы толық мәліметті тікелей өкілдерден ала алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі