Академик Медеу Әбішев кванттық революцияны талдады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ылым күніне орай ұйымдастырылған көрнекті ғалымдардың дәрістер легі жалғасуда. ҚазҰУ ғылыми кітапханасында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, құрметті академик Медеу Ержанұлы Әбішев «Кванттық технологиялар мен кванттық ақпарат» тақырыбында тағылымды дәріс өткізді. Шараға білім алушы жастар, жас ғалымдар мен магистранттар қатысты.
Жиынды Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, дәріскердің отандық ғылымды дамытудағы елеулі үлесіне тоқталды. Проректор Медеу Әбішевтің теориялық және ядролық физика саласындағы танымал сарапшы, 90-нан астам ғылыми еңбектің авторы әрі ҚазҰУ-дың Медициналық физика орталығының жетекшісі екенін ерекше атап өтті. «Медеу Ержанұлы – қара шаңырақ ҚазҰУ-дың түлегі. Ол аспиранттан бастап, кафедра меңгерушісіне дейінгі жолды абыроймен өтіп, жалпы салыстырмалы теориядағы денелердің қозғалыс теңдеулерінің бірегейлігін шешкен бірегей ғалым», – деді Марғұлан Ибраимов.

Дәріс барысында профессор Медеу Әбішев кванттық физиканың іргелі негіздерінен бастап, болашақтағы күрделі есептеулердің перспективаларына дейінгі даму жолын баяндады. Ғалым кванттық технологиялардың мәні тек жылдамдықты арттыруда емес, табиғат заңдарын жаңа тәсілмен пайдалануда екенін түсіндірді. Спикердің айтуынша, «бірінші кванттық революцияның» жемістері – транзисторлар, лазерлер мен микрочиптер бүгінде күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған.

Профессор кванттық механиканың үш негізгі тірегі: суперпозиция, кванттық байланыстылық және өлшеу принциптерін егжей-тегжейлі талдап берді.
Ғалым кванттық компьютерлердің жаңа дәрілерді іздеуде, инновациялық материалдар жасауда және өндірістік процестерді оңтайландырудағы орасан зор мүмкіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар мұндай машиналардың тек арнайы есептеулерге бағытталғанын, сондықтан дәстүрлі компьютерлерді толық алмастырмайтынын нақтылады.

Дәрісте ақпараттық қауіпсіздік пен кванттық байланыс мәселелеріне де басымдық берілді. Профессор кванттық кілттерді тарату (QKD) жүйесінің артықшылықтарын түсіндіріп, бұл технология кез келген бөгде араласуды бірден анықтауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Сөз соңында академик кванттық сенсорлардың геология мен медицинадағы қолданысына тоқталып, аудиторияның сұрақтарына жан-жақты жауап берді.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар