Инновациялық оқу аудиториялары ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Экономика және бизнес жоғары мектебінің жаңа оқу аудиториялары салтанатты түрде ашылды.
Жаңартылған оқу залдары заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған. Бұл кеңістік студенттердің пәнаралық жобаларды жүзеге асыруына және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Салтанатты рәсімде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева сөз сөйлеп, инфрақұрылымды жаңартудың стратегиялық маңызына тоқталды.

«Бүгін біз тек аудиторияларды жаңартып отырған жоқпыз, біз технология, ғылым мен практикалық дағдылар тоғысатын заманауи білім беру ортасын құрудамыз. Бұл – цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие құзыреттіліктерді қалыптастыруға арналған алаң. Жаңа аудиториялар – студенттеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция», – деді проректор.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова өз сөзінде білім беру кеңістігінің мамандар даярлаудағы рөлін айрықша атап өтті.
Бұдан бөлек, конференция V халықаралық Фараби форумының аясында практикалық бағдарлама негізінде өз жұмысын жалғастырды. Бағдарлама студенттер мен жас ғалымдардың, оқытушылардың практикалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ заманауи білім беру технологияларын енгізуге бағытталған.

Практикалық бөлімде жаңа аудиторияларда воркшоптар мен семинарлар өткізілді. Атап айтқанда ҚР ҒЖБМ Экономика институтының ғылыми хатшысы Рысжан Қабылқайратқызы ғылыми жобаларға өтінім дайындаудың тиімді жолдарын көрсетті. Сонымен қатар қатысушылар назарына цифрлық маркетингте жасанды интеллектіні қолдану (PPC, SEO, SMM) және IELTS емтиханына дайындалу стратегиялары ұсынылды.

Шараның практикалық бағыты қатысушыларға Индустрия 4.0 тенденцияларын талқылауға және жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берді.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар