ТДМ 16 аясында дінаралық диалогты дамыту: «Соңғы күн әулиелер шіркеуімен» танымдық кездесуFarabi University

91ý

ТДМ 16 аясында дінаралық диалогты дамыту: «Соңғы күн әулиелер шіркеуімен» танымдық кездесу

27 наурыз 2026
ТДМ 16 аясында дінаралық диалогты дамыту: «Соңғы күн әулиелер шіркеуімен» танымдық кездесу

 

 

27 наурыз 2026 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті Ж.У. Қаңтарбаеваның ұйымдастыруымен Дінтану мамандығының 3 курс студенттері мен 2 курс магистранттары «Соңғы күн әулиелер шіркеуі (мормондар)» бірлестігіне танымдық іссапар жасап қайтты. Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының 16-шы бағыты – бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттарды қалыптастыру (ЦУР 16) қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің конфессияаралық келісім туралы түсінігін кеңейту, дінаралық диалог мәдениетін қалыптастыру және діни әртүрлілікке құрметпен қарау дағдыларын дамыту. Қазіргі жаһандану жағдайында әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенім – қоғам тұрақтылығының басты алғышарттарының бірі. Осы тұрғыда кездесу барысында қатысушылар шіркеудің тарихымен, сенімдік ерекшеліктерімен, миссионерлік қызметімен және әлеуметтік жобаларымен танысты. Бірлестіктің діни қызметкерлері мен ұстанушылары мәдениетаралық, дінаралық сұхбатқа ашық екендігін көрсете отырып,  өте жылы қарсы алды.

Кездесу ашық әрі интерактивті форматта өтті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дін өкілдерімен тікелей пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай формат білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, түрлі көзқарастарды салыстыра отырып, ғылыми тұрғыда талдау жасауына ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл тәжірибе діни стереотиптер мен жаңсақ түсініктердің алдын алуға көмектеседі және мемлекеттік-конфессияаралық қарым қатынастың ерекшелігін көрсетеді.

Аталған іс-шараның ЦУР 16 шеңберіндегі маңызы зор. Біріншіден, ол қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Екіншіден, түрлі конфессиялар арасындағы сенім мен өзара құрметті арттыру арқылы әлеуметтік келісімді қалыптастыруға ықпал етеді. Үшіншіден, жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу арқылы радикализм мен экстремизмнің алдын алуға септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде бейбіт қоғам құруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Бұл бастама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін де айрықша мәнге ие. Университет білім беру үдерісін тәжірибемен ұштастырып, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасайды, дінтанушы маман  ретіндегі тәжірибелерін кеңейтіп қана қоймай, өзге дін өкілдеріне деген сыйластық, құрмет,  толеранттылық  сезімін де қалыптастырады.Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар оқу орнының халықаралық академиялық беделін арттырып, мәдениетаралық коммуникацияны дамытуға мүмкіндік береді.

Студенттер үшін бұл сапардың практикалық маңызы жоғары. Олар тек теориялық біліммен шектелмей, нақты діни ұйым өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, далалық зерттеу дағдыларын меңгереді. Бұл болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жаңа серпін береді.

Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үйретеді. Дінаралық өзара әрекет тәжірибесі жастардың мәдени және рухани көкжиегін кеңейтіп, жаһандық ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қазіргі көпмәдениетті қоғам жағдайында аса маңызды құзыреттердің бірі болып табылады.

Қорытындылай келе, ТДМ (ЦУР) 16 аясында ұйымдастырылған бұл кездесу дінаралық диалогты дамытуға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.