- Басты бет
- Жаңалықтар
- Болашақ энергиясы және экологиялық жауапкершілік: «Фараби әлемі» аясындағы сындарлы диалог
Болашақ энергиясы және экологиялық жауапкершілік: «Фараби әлемі» аясындағы сындарлы диалог
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі түрде өтетін «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы биыл да маңызды экологиялық бастамалардың орталығына айналды. Конференция аясында Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының ұйымдастыруымен «Қалдықтарды басқару: тұрақты болашақ стратегиялары» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шара теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырған бірегей диалог алаңы болды.
Дөңгелек үстелдің мазмұнын байытқан басты фактор – оған академиялық ортамен қатар өндіріс саласының білікті мамандарының қатысуы. Кездесудің құрметті қонақтарының бірі – «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Алматы филиалының сәйкестікті бағалау және сынақ зертханасы бөлімінің басшысы Марина Нұғыман болды. Марина ханымның қатысуы университетіміз үшін ерекше маңызды, себебі ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасы бойынша докторантурасының түлегі. Оның «New technologies available for reducing the carbon footprint» тақырыбындағы баяндамасы халықаралық стандарттар мен көміртегі ізін азайтудың заманауи тетіктеріне арналды.
Сонымен қатар, «Samruk-Green Energy» ЖШС-нің жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жөніндегі инженері Ербол Еркенович Аубакиров өндірістік тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстандағы «жасыл» энергетиканың дамуы мен экологиялық қалдықтарды азайтудағы ЖЭК-тің рөлін атап өтті.
Конференцияның басты қозғаушы күші – кафедраның бакалаврлары, магистранттары мен докторанттары. Жас зерттеушілер А.К. Тулепбергенова, Ә.С. Мұқаш және А.В. Нұрмырза ұсынған «Қазақстандық ЖЭО күл-қождарын кешенді бағалау және фазалық талдау» тақырыбындағы жұмыс ерекше атап өтуге лайық. Қазақстанның жылу энергетикасы саласында күл-қож қалдықтарының жиналуы үлкен экологиялық мәселе болып табылады. Студенттердің қалдықтардың құрамын фазалық талдау арқылы зерттеуі оларды құрылыс материалдары немесе басқа да өндіріс салаларында қайталама шикізат ретінде пайдалануға жол ашады. Бұл тікелей қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға және ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.
«Фараби әлемі» конференциясы мен өткізілген дөңгелек үстел БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлкен үлес:
-
Тұрақты даму мақсаттарын 7 (Арзан және таза энергия): Жаңартылатын энергия мен энергия тиімділігін талқылау.
-
Тұрақты даму мақсаттарын 9 (Индустрияландыру және инновациялар): Қалдықтарды өңдеудің жаңа технологиялық әдістерін енгізу.
-
Тұрақты даму мақсаттарын 12 (Жауапты тұтыну мен өндіріс): Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және айналмалы экономика қағидаларын қолдану.
-
Тұрақты даму мақсаттарын 13 (Климаттың өзгеруіне қарсы күрес): Көміртегі ізін азайту арқылы жаһандық жылынудың алдын алу.
Жыл сайынғы «Фараби әлемі» конференциясы жас ғалымдар үшін тек білім алмасу орны емес, сонымен қатар экологиялық сананы қалыптастыру мектебі болып табылады. Марина Нұғыман сияқты табысты түлектердің оралып, тәжірибе бөлісуі студенттерге үлкен мотивация береді. Осындай іс-шаралар арқылы ҚазҰУ жас ұрпақты еліміздің тұрақты және экологиялық қауіпсіз болашағын құруға дайындайды.
Басқа жаңалықтар