- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Физика-техникалық бағыттағы педагогикалық кадрларды даярлаудың өзекті мəселелері: Физиканы оқытудағы жасанды интеллект — мүмкіндіктері, сын-қатерлері жəне педагогикалық салдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді
«Физика-техникалық бағыттағы педагогикалық кадрларды даярлаудың өзекті мəселелері: Физиканы оқытудағы жасанды интеллект — мүмкіндіктері, сын-қатерлері жəне педагогикалық салдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді
07 сәуір 2026 жылы дәстүрлі Студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы аясында физика-техникалық факультетінде «Физика-техникалық бағыттағы педагогикалық кадрларды даярлаудың өзекті мəселелері: Физиканы оқытудағы жасанды интеллект — мүмкіндіктері, сын-қатерлері жəне педагогикалық салдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел барысында физиканы оқытуда жасанды интеллект құралдарын қолданудың педагогикалық мүмкіндіктері, олардың оқыту əдістемесіне ықпалы, болашақ мұғалімдердің зерттеушілік жəне цифрлық құзыреттерін қалыптастыру мəселелері, сондай-ақ білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің əдіснамалық, дидактикалық жəне этикалық аспектілері талқыланды.

Дөңгелек үстелге ғалымдар, профессорлар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының оқытушылары, докторанттар (PhD) жəне магистранттар, сондай-ақ физикалық білім беруді дамытуға жəне білім беру практикасына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге қызығушылық танытқан зерттеушілер қатысты. Дөңгелек үстелде Индонезия Сурабая мемлекеттік университетінің профессоры, PhD Нади Супрапто, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Карстина Светлана Геннадьевна, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Усембаева Индира Бахытқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ассистент-профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрғалиева Құралай, Эскишехир техникалық университетінің PhD-докторанты Мұқият Сұңғыла, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Базарханқызы Динара, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Туреханова Құндыз баяндамалары тыңдалды.
Іс-шараның мақсаты – физика-техникалық бағыттағы педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыру, заманауи цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы білім беру мазмұнын жаңарту және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін жетілдіру болды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі рөлін әртүрлі қырынан қарастырды. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы физиканы оқытуда қате ұғымдарды қалай ажырату, мазмұнды дұрыс беру жолдары, геймификация арқылы цифрлық платформаны әзірлеу мүмкіндіктері ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, жасанды интеллект құралдарын, vibe-coding технологияларын пайдалану арқылы оқытудағы интерактивтілікті арттыру, промт жазу және студенттердің зерттеушілік дағдыларын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылардың пікірінше, жасанды интеллект технологияларын енгізу оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік бергенімен, бірқатар сын-қатерлерді де туындатады. Атап айтқанда, академиялық адалдықты сақтау, білім алушылардың сыни ойлау қабілетін төмендетпеу, оқытушы мен студент арасындағы тікелей қарым-қатынастың әлсіреу қаупі және деректер қауіпсіздігі мәселелері ерекше назарға алынды. Осыған байланысты педагогикалық қауымдастық үшін жасанды интеллектті қолданудың этикалық нормаларын қалыптастыру және әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.
Іс-шара мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының ішінде ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» мақсатымен толық үйлеседі. Атап айтқанда, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, цифрлық дағдыларды дамыту бағыттары көрініс тапты. Сонымен қатар, іс-шара аясында жоғары оқу орындары, мектептер және ғылыми ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасу арқылы ТДМ 17 – «Әріптестік және халықаралық ынтымақтастық» мақсаттарын жүзеге асыруға үлес қосылды.
Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар білім беру жүйесінде жасанды интеллектті енгізу елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды факторы екендігін атап өтті. Осы тұрғыда жасанды интеллект технологияларын жауапты және тиімді пайдалану, ұлттық кадрлық әлеуетті күшейту, сондай-ақ білім мен ғылым интеграциясын дамыту қажеттілігі баса айтылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар физика пәнін оқытуда жасанды интеллект технологияларын енгізудің ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру, білім беру бағдарламаларына цифрлық компоненттерді жүйелі түрде енгізу, сондай-ақ болашақ мұғалімдердің цифрлық және зерттеушілік құзыреттерін дамыту бағытында нақты ұсыныстар қабылдады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен мектептер арасында тәжірибе алмасуды күшейту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Дөңгелек үстел модераторы - физика-математика ғылымдарының кандидаты Туреханова К.М.