«Алматы маңынан табылған сақ ескерткіштері» тақырыбындағы мазмұны терең музейлік дәріс — ҚазҰУ

91ý

«Алматы маңынан табылған сақ ескерткіштері» тақырыбындағы мазмұны терең музейлік дәріс

9 сәуір 2026
«Алматы маңынан табылған сақ ескерткіштері» тақырыбындағы мазмұны терең музейлік дәріс

 

 

Бүгін тұрақты дамудың «Серіктестік» және «Сапалы білім» мақсаттарын жүзеге асыру аясында Алматы музейлер бірлестігі ұйымдастырған «Алматы маңынан табылған сақ ескерткіштері» тақырыбындағы мазмұны терең музейлік дәріске кафедра өкілдері қатысты. Дәрісті бірлестіктің аға ғылыми қызметкері, тәжірибелі археолог Нұрпеисов Марат Мұғалұлы жүргізді. Ол сақ дәуірінің археологиялық зерттелуі мен өңірдегі ескерткіштердің ғылыми маңызы туралы кең көлемде баяндады.

Іс-шараға дінтану және мәдениеттану кафедрасының “Мәдениет kz” клубының белсенді мүшелері, 1–3 курс исламтану және мәдениеттану мамандықтарының білім алушылары, сондай-ақ кафедра оқытушылары: Құдайбергенов С.Е., Айтенова А.А., Аликбаева М.Б., Әлтаева Н.С., Кудерина А.Н. қатысты. Мұндай кездесулер білім алушылардың теориялық білімін кеңейтіп қана қоймай, оларды музейлік-ғылыми ортаға жақындата түсетіні атап өтілді.

Дәріс барысында сақ дәуірінің археологиялық ескерткіштері, олардың құрылымы, мәдени және дүниетанымдық ерекшеліктері терең түсіндірілді. Алматы маңындағы қорғандар жүйесінің қалыптасу әдістері, жерлеу рәсімдері, әлеуметтік мәртебе белгілері және сол кешендерден табылған құнды артефактілер, ежелгі тайпалардың қоғамдық ұйымдасу деңгейін, эстетикалық талғамын және символдық ойлау жүйесін анық көрсететіні атап өтілді. Қорғандарды салуда жер бедерінің, табиғи бағыттардың және космологиялық түсініктердің ескерілгені, ал табылған бұйымдардың құрамы – қару-жарақ, зергерлік әшекейлер, тұрмыстық және ритуалдық заттар – сақ қоғамындағы әлеуметтік стратификация мен дүниетанымдық пайымдардың айқын айғағы екені түсіндірілді. Сонымен қатар, бұл артефактілердің қазіргі қазақ мәдениетімен тарихи-рухани сабақтастығы туралы ғылыми пайымдаулар беріліп, олардың ұлттық бірегейлікке қатысты дереккөз ретіндегі маңызы ерекше атап көрсетіліп, студенттердің ерекше қызығушылығын оятты. Нұрпеисов М.М. қорғандарды тек жерлеу нысандары емес, ежелгі қоғамның дүниетанымы, билік жүйесі, табиғатқа көзқарасы көрініс тапқан күрделі мәдени феномен ретінде бағалады.

Қорғандардан табылған алтын әшекейлер, аң стиліндегі көркем бейнелер, тұрмыстық және ритуалдық заттар сақ тайпаларының эстетикалық талғамын ғана емес, олардың символдық ойлау жүйесін де айқын көрсетеді. Бұл заттардағы мифологиялық бейнелер мен стилизацияланған зооморфтық элементтер табиғат күштерін, тотемдік түсініктерді және дүниенің үшқабатты құрылымына қатысты көне көзқарастарды бейнелейді. Мұндай материалдық мұра үлгілері арқылы ежелгі тайпалардың рухани әлемін, әлеуметтік қатынастарын және дүниені танып-түсіну тәсілдерін ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Бұл жәдігерлер қазіргі қазақ халқының мәдени тамыры мен рухани сабақтастығын ғылыми тұрғыда түсіндіруге мүмкіндік беретін құнды дереккөз екені ерекше атап өтілді.

Студенттердің практикалық дағдыларын дамыту мақсатында іс-шара аясында квест ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар музей кеңістігін зерттеуге бағытталған тапсырмаларды орындады. Бұл әдіс олардың тарихи-мәдени объектілерді талдау қабілетін күшейтіп, топпен жұмыс жасау дағдыларын жетілдірді.

Осындай ғылыми-танымдық іс-шаралар студенттердің зерттеушілік ойлауын дамытып, ұлттық тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, музей мен жоғары оқу орны арасындағы серіктестік тұрақты дамудың гуманитарлық аспектілерін жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратыны тағы бір мәрте дәлелденді. Бұндай кездесулер болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастырып, археологиялық және мәдениеттанулық зерттеулерге деген ынтасын одан әрі күшейтетіні сөзсіз.