Студенттер «Оян, қалыңдық» спектаклін тамашалады
Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының 1-курс «Деректер туралы ғылым» білім беру бағдарламасының 25-01 тобының студенттері, кураторы Дүйсембаева Лаура Серікқызымен бірге рухани-адамгершілік тәрбие жұмыстары аясында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры барып, «Оян, қалыңдық» спектаклін тамашалады.
Аталған мәдени іс-шара студенттердің эстетикалық талғамын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды терең түсінуіне және тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды тәрбиелік қадамдардың бірі болып табылады. Қойылым барысында көрермендер адамгершілік, отбасы құндылықтары, жауапкершілік пен қоғамдағы өз орнын табу мәселелері төңірегіндегі өзекті тақырыптарға терең бойлады. Актерлік шеберлік, сахналық көріністер мен режиссерлік шешімдер студенттерге ерекше әсер қалдырып, қойылымды жоғары деңгейде бағалауға мүмкіндік берді.

Студенттердің айтуынша, спектакль мазмұны олардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірлік көзқарастарына оң ықпал етті. Осындай мәдени іс-шаралар жастардың рухани дамуын қолдап қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілеттерін, эмоционалдық интеллектісін дамытуға да септігін тигізеді.
Кафедра тарапынан студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Болашақта да осындай театр, музей және мәдени орталықтарға экскурсиялар өткізу жоспарлануда, бұл білім алушылардың мәдени деңгейін арттыруға және ұлттық мұраға деген құрметін нығайтуға бағытталған.
