«ТАЗА СЕССИЯ – АДАЛ БІЛІМ» ТАҚЫРЫБЫНДА КУРАТОРЛЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ — ҚазҰУ

91ý

«ТАЗА СЕССИЯ – АДАЛ БІЛІМ» ТАҚЫРЫБЫНДА КУРАТОРЛЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ

10 сәуір 2026
«ТАЗА СЕССИЯ – АДАЛ БІЛІМ» ТАҚЫРЫБЫНДА КУРАТОРЛЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ

Бүгін Аква 24-01К тобының кураторы Кегенова Гүлнар Болатқызының жетекшілігімен «Таза сессия – адал білім» тақырыбында кураторлық тәрбие сағаты өтті. Сабақтың негізгі мақсаты – студенттерге академиялық адалдықтың маңызын түсіндіру және емтихан кезіндегі әділдік принциптерін ұстануға шақыру болды.

Куратор сессияны шпаргалкасыз, артық заттарды қолданусыз тапсырудың — нағыз білім мен еңбектің нәтижесін көрсету екенін ерекше атап өтті. Әрбір студент өз еңбегі мен жауапкершілігі арқылы ғана шынайы жетістікке жететінін түсіндірді. Сондай-ақ, адалдық пен білімділіктің болашақ кәсіби өмірде де маңызы зор екені айтылды.

Тәрбие сағаты барысында студенттер өз ойларымен бөлісіп, адал сессия өткізудің пайдасын талқылады. Шынайы білім мен әділдікке негізделген оқу үдерісі – ел болашағының кепілі екендігі туралы ортақ пікір қалыптасты.

Куратор студенттерге емтиханды артық құралсыз тапсырудың тәрбиелік және адамгершілік тұрғыдан қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Себебі адал білім – тек емтиханнан өтіп қана қою емес, ол адамның өз болашағына деген жауапкершілігі мен еңбегінің айнасы. Студент өз біліміне сеніп, әділ түрде тапсырып, әр бағасын өз еңбегімен алғанда ғана нағыз табысқа жетеді.

Тәрбие сағаты барысында жастар академиялық адалдық ұғымын талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Көпшілігі адал емтихан тапсыру тек оқу орнында ғана емес, жалпы өмірде де таза және жауапты азамат болуға баулитынын айтты. Сонымен қатар, куратор әр студенттің жеке дамуы мен кәсіби беделі осы адалдық қағидатына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Кураторлық сағат соңында қатысушылар «Таза сессия – адал білім» ұранын қолдап, өздері үлгі болуға уәде берді. Осындай іс-шаралар студенттердің бойында әділдікке, еңбекқорлыққа және өз ісіне адал қарауға деген ынтаны арттырады.

Бұл кураторлық сағат студенттерге үлкен ой салып, білім мен адалдық — бір-бірінен ажырамайтын ұғым екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Аква 24-01К тобының куратор – эдвайзері,

Зоология, гистология және цитология кафедрасының

аға оқытушы, PhD Кегенова Гүлнар Болатқызы

 

10.04.2026 ж.