- Басты бет
- Жаңалықтар
- Халықаралық дөңгелек үстелде қазақ даласы ойшылдарының арабтілді мұрасы зерделенді
Халықаралық дөңгелек үстелде қазақ даласы ойшылдарының арабтілді мұрасы зерделенді
2026 жылғы 9 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде айтулы оқиға орын алды. V Халықаралық Фараби форумы аясында «Шығыс пен Батыс мәдениетінің диалогы: Қазақ даласы ғұламаларының арабтілді мұрасы» халықаралық дөңгелек үстелі өтті. Шара БҰҰ-ның «Сапалы білім беру» және «Тұрақты даму үшін серіктестік» тұрақты даму мақсаттарына сай жоспарланып іске асты.

Дөңгелек үстел AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы араб тілді дереккөздер антологиясы» гранттық жобасы бойынша ұйымдастырылды. Модератор – дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы. ылыми басқосудың мақсаты әлемдік мұрағаттарда сақталған арабтілді дереккөздерді, материалдарды зерттеу негізінде қазақ даласы ойшылдығының антологиясын жасау үшін жаңа зерттеулерді талқыға салу болды.

Дөңгелек үстел барысында жазба мәдениетінің терең тарихына талдау жасалды. Адамзат өркениеті Вавилон дәуіріндегі балшық тақтайшалардан бастап, тасқа қашау, әріптердің пайда болуы мен ұйғыр жазуының кезеңдерінен өтті. ылымның дамуына қағаз өндірісі ерекше серпін берді: һижраның VI ғасырында Самарқандта мақтадан қағаз жасала бастаса, XVI ғасырдан бастап еуропалық технологиялар қолданысқа енді. Жазу мен қағаздың тоғысуы білімді сақтаудың басты құралы – кітапты өмірге әкелді. Тарихи жазбалардың өртеніп кетуі адамзат үшін орны толмас шығын, сондықтан Сүлеймание мен Йылдыз кітапханалары секілді ірі қорлардың маңызы зор. Сүлеймание кітапханасының бұрынғы директоры Невзат Кая жәдігерлердің сақталуын ел тарихымен шендестірді. Бұл ретте Суһейл Унвердің «Шәкірт ұстаздан қадірлі, сондықтан талаба алдында тік тұру керек» деген мағынадағы сөзі білім жолындағы кішіпейілділіктің үлгісін көрсетті.

Әбу Әли ибн Сина атындағы Бұхара мемлекеттік медицина университетінің профессоры Курбан Шадманов Оксфорд пен Кембридж кітапханаларында біздің бабаларымыздың өте сирек қолжазбалары сақталғанын атап өтті. Ол Роджер Бэкон еңбектеріне тоқтала келе, IX-XII ғасырлардағы Шығыс ғұламалары әлемді Аристотельмен қайта таныстырмағанда, кейінгі ғасырлардағы Еуропадағы өнер мен философияның дамуы екіталай екенін қадап айтты. Бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде де сол ежелгі логика мен әдістемелік негіздер өз маңызын жойған жоқ. Эскишехир Османгази университетінің профессоры Әли Рыза Гүл мырза әл-Фарабидің феноменіне тоқталды. Ол кешегі тарихтан сабақ алып, оны өз заманына бейімдеп, жаңа ғылыми әдіс қалыптастырды.
Ыстамбұл университетінен келген қауымдастырылған профессор Мұстафа Желил Алтунташ Қауамуддин әл-Итқанидың «Шарх Мухтасар әт-Тахауи» атты еңбегі бойынша жүргізген зерттеулерімен бөлісіп, тың қолжазба нұсқаларының тағдырына тоқталды. Түркия мен Мысыр кітапханаларында сақталған қолжазбаның төрт нұсқасы болмаса, күнімізде белгілі болып отырған мұсылман құқығы негізінің іргелі тұлғасы әл-Жассастың ғылыми мұрасы да толыққанды жетпес еді деп тұжырымдады.
Нұр-Мүбарак Египет ислам университеті Исламтану факультетінің деканы Мохамед Уардани Абдулла «Әл-Фараби мен пайғамбарлық сүннет арасындағы цифрлық қоғамдағы бақыт этикасы: Виртуалдық дәуірде адам әл-ауқатын қайта қарастыру» тақырыбында сөз қозғап, көпшіліктің назарын аударды. Соңында жоба жетекшісі Азамат Жамашевтің зерттеуі Еуропаның қолжазба қорларындағы қазақ даласы ғалымдарының еңбектеріне арналды. Осылайша, магистрант, докторанттар аталған саладағы жаңа зерттеу нәтижелеріне қанық болды.Шараның ең салтанатты сәті – кафедра ғалымдарының 2020-2026 жылдар аралығында жарық көрген іргелі ғылыми еңбектерінің тұсаукесері және таныстыру рәсімі болды.
Қорыта айтқанда, бұл халықаралық дөңгелек үстел бабалар мұрасын бүгінгі ғылымның күретамырына айналдыру жолындағы іргелі қадам болды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, халықаралық байланыстарды нығайту туралы уағдаласты. Бабалардың асыл мұрасы енді қазақ даласында жаңаша сөйлеп, келешек ұрпақтың парасат биігіне айналары сөзсіз.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Курманалиева А.Д., Жамашев А.Ш., Балтымова М.Р., Елеусызбаева Н.М.