ҚазҰУ – QS рейтингінде көшбасшы — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ – QS рейтингінде көшбасшы

19 маусым 2026
ҚазҰУ – QS рейтингінде көшбасшы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті беделді халықаралық QS World University Rankings рейтингінің нәтижелері бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орны мәртебесін тағы да дәлелдеді. ҚазҰУ соңғы 14 жыл бойы ұлттық білім беру жүйесіндегі көшбасшылық орнын берік ұстанып келеді және әлемдік аренада 177-орынға тұрақтады. 

Биылғы жаһандық зерттеудің масштабтары айтарлықтай ауқымды екенін атап өткен жөн. Оған әлемнің 106 елінен 1504 жоғары оқу орны қатысып, миллиондаған ғылыми жарияланымдар мен ондаған мың сарапшылардың пікірлері талданды.

Ағымдағы жылы еліміздің жетекші университеті табысының басты драйвері – интернационалдандыру және халықаралық білім беру ортасын дамыту саласындағы үздік көрсеткіштер болды. Бүгінде ҚазҰУ шетелдік студенттер мен профессорлар үшін еліміздегі ең тартымды білім ордасы саналып отыр. Шетелдік студенттер үлесі бойынша қара шаңырақ қазақстандық ЖОО-лар арасында көш бастап, әлемдік көрсеткіште 150-орынға көтерілді. Халықаралық академиялық кадрларды тартуда да әлем бойынша 215-орынды иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті. 

Университеттің ғылыми-зерттеу қызметіндегі және академиялық байланыстарды дамытудағы жетістіктері ерекше маңызға ие. ҚазҰУ –халықаралық зерттеулер бойынша әлемнің үздік 800 жоғары оқу орнының қатарына кіре алған Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Биыл университет халықаралық ғылыми коллаборациялар индексінде үлкен серпіліс жасап, әлемдік рейтингте 317-орынға жайғасты. Бұл отандық ғылымның жаһандық деңгейде мойындалып жатқанының нақты айғағы.

Университеттегі жүйелі реформалар мен білім сапасы түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етуде. ҚазҰУ жұмысқа орналасу деңгейі және түлектердің жетістіктері бойынша әлемдік Топ-250 элиталық ЖОО қатарындағы орнын нық сақтап келеді. Ал түлектердің жетістіктері бойынша әлемде 246-орынды иеленіп отыр.