«Шағын бизнес – үлкен мүмкіндік»
Тақырыбы: «Шағын бизнес – үлкен мүмкіндік»
Өткізілген күні: 10.04.2026 ж.
Жетекші оқытушы: Заманова Сауле Канабековна
Өткізген магистранттар: Мырзаханов Мейіржан және Мамажанов Даулет («Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» 1-курс магистранттары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті)
Қатысқан топтар: «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» 23-02 тобы (3-курс) және «Криптология» 25-01 тобы (1-курс)
Шараның мақсаты:
Шеберлік сабағының басты мақсаты — студенттерге шағын бизнестің мәнін, оның қоғам дамуындағы рөлін және кәсіпкерлік қызметтің перспективаларын түсіндіру. Сонымен қатар, жас мамандарда кәсіпкерлік ойлауды қалыптастыру, бастамашылық пен шығармашылық тәсілдерді дамыту болып табылады.
Шараның барысы:
Шеберлік сабағы кіріспе бөліммен басталды. Мырзаханов Мейіржан «Шағын бизнес дегеніміз не?» деген сұраққа жауап бере отырып, кәсіпкерліктің негізгі түсініктерін ашып берді. Шағын бизнестің ұлттық экономикадағы үлесі, оның жұмыспен қамту мен халықтың табысын арттырудағы маңызы статистикалық деректермен дәлелденді. Аудиторияға Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму тенденциялары таныстырылды.
Шараның негізгі бөлімінде Мамажанов Даулет практикалық кейстерді талдады. Нақты мысалдар арқылы студенттерге бизнес-идеяны іске асырудың кезеңдері түсіндірілді: бастапқы идеяны анықтау, нарықты зерттеу, бизнес-жоспар жасау, қаржыландыру көздерін іздеу және алғашқы қадамдарды жасау. Ерекше назар мемлекеттік бағдарламаларға аударылды — атап айтқанда, «Бастау Бизнес», «Еңбек» бағдарламалары мен «Даму» қорының гранттық қолдау мүмкіндіктері егжей-тегжейлі баяндалды.
Топтық жұмыс барысында студенттер шағар топтарға бөлініп, берілген тапсырма бойынша өз бизнес-идеяларын ұсынды. Әр топ қысқа мерзімде идеяның өміршеңдігін негіздеп, мақсатты аудиторияны анықтап, болжамды кіріс пен шығыс көрсеткіштерін жариялады. Презентациялар шеберлік сабағын жүргізушілер тарапынан бағаланып, конструктивті кері байланыс берілді. Студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты жағдайда ойлау мен шешім қабылдау дағдыларын да жаттықтырды.
Интерактивті сұрақ-жауап сессиясы шараның ерекше белсенді бөліміне айналды. Студенттер кәсіпкерлік тәуекелдері, бастапқы капиталды қалыптастыру жолдары, бизнесті тіркеу рәсімдері және цифрлық маркетингті пайдалану мүмкіндіктері туралы сауалдар қойды. Мейіржан мен Даулет барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді, өздерінің болашақ кәсіпкерлік жоспарларымен де бөлісті.
Қорытынды бөлім:
Шеберлік сабағының соңында рефлексия жүргізілді. Студенттер «Мен бүгін не үйрендім?» және «Бизнес саласынан маған не қызықты?» деген сұрақтарға жауап жазды. Жауаптарды талдау көрсеткендей, аудиториядағы басым бөлігі кәсіпкерлікке қызығушылық танытып, оқу барысында алған білімдерін болашақта бизнес ашуға пайдаланғысы келетінін білдірді. Бірнеше студент нақты бизнес-идеяларын бөлісіп, оны іске асыруға дайын екендіктерін айтты. Магистранттар студенттерге кәсіпкерлікке қатысты пайдалы ресурстарды — кітаптар, онлайн-курстар және мемлекеттік веб-порталдар — ұсынды.
Нтижесі:
• Студенттер шағын бизнестің экономикадағы рөлін және оны ашудың негізгі кезеңдерін түсінді;
• Кәсіпкерлікке деген қызығушылық пен оң көзқарас қалыптасты;
• Топтық жұмыс арқылы ұжымдық шешім қабылдау дағдылары дамыды;
• Студенттер мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы нақты ақпарат алды;
• Белсенді қатысу мен шығармашылық ойлау қасиеттері байқалды.
Қорытындылай келе, өткізілген шеберлік сабағы өз мақсатына жетті. Мырзаханов Мейіржан мен Мамажанов Даулет студенттерге шағын бизнестің тек қаржылық табыс емес, өзін-өзі таныту мен қоғамға үлес қосудың маңызды жолы екенін нанымды жеткізді. Болашақта ұқсас практикалық шаралар ұйымдастыруды жалғастыру жоспарлануда, өйткені мұндай форматтар студенттердің кәсіби дамуына тікелей ықпал етеді.
