🌿 Экологиялық сана – патриотизмнің жаңа өлшемі
Қазіргі қоғамда экологиялық сана туған жерге деген сүйіспеншіліктің, табиғатты аялаудың және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызды көрсеткішіне айналып отыр. Бүгінде патриотизм ұғымы жаңа мазмұнмен толығып, тек тарихи мұраны құрметтеу немесе ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ғана шектелмей, табиғи байлықтарды сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ел тазалығына үлес қосу арқылы айқындалуда. Осы тұрғыдан алғанда, экологиялық сана — патриотизмнің заманауи өлшемі.
Мемлекет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тазалық пен жауапкершілік қағидаларын нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік қозғалысқа айналды. Бұл бастама жастардың табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік беріп, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірлікті арттыруға ықпал етеді.

Экологиялық сана — туған жерге деген сүйіспеншілікті нақты іс арқылы дәлелдеудің жарқын көрінісі. Табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану және қоршаған ортаны таза сақтау арқылы жастар ел болашағына жауапты, саналы ұрпақ ретінде қалыптасады. Табиғатты сақтау — бүгінгі қоғамның міндеті ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы маңызды азаматтық борыш.
Эко-патриотизм қоғамды біріктіретін жаңа әлеуметтік құндылық ретінде қалыптасуда. Табиғатты қорғауға бағытталған ортақ іс-шаралар барысында әлеуметтік, жас ерекшелігі немесе кәсіби айырмашылықтар жойылып, барлығы ортақ мақсат — туған жердің табиғатын сақтау жолында бірігеді. Мұндай бірлескен әрекеттер қоғамдық ынтымақтастықты күшейтіп, экологиялық жауапкершілік мәдениетін орнықтырады.

Осы бастаманы қолдау мақсатында Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің «Компьютерлік инженерия» мамандығының 2 курс студенттері куратор-эдвайзер Б.А. Максутованың жетекшілігімен университет аумағында экологиялық акция ұйымдастырды. Студенттер университет территориясын тазалап, қоршаған ортаның көркеюіне өз үлестерін қосты.
Акция аясында №8 студенттер жатақханасының алдына раушан гүлдері отырғызылып, кампус аумағы абаттандырылды. Бұл бастама табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға ғана емес, жасыл кеңістіктерді көбейту арқылы қалалық экожүйені жақсартуға бағытталды.

Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсаты — «Құрлық экожүйелерін қорғау» қағидаттарымен тікелей байланысты. ТДМ 15 биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Университет аумағын көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын жүргізу — жаһандық тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде жүзеге асырудың нақты көрінісі.
Тазалық жұмыстары студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын айқындап, экологиялық сананың патриотизмнің жаңа өлшемі екенін іс жүзінде дәлелдеді. Университет жастары туған жерге деген құрмет пен жауапкершілікті нақты әрекеттер арқылы көрсетіп, «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі құндылықтарын қолдайтынын танытты.
Экологиялық сананы дамыту — дамыған, таза әрі тұрақты болашаққа ұмтылған мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Табиғатты қорғау жолындағы әрбір игі іс — елге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық жауапкершіліктің және болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың айқын белгісі. Сондықтан экологиялық сана бүгінгі күні патриотизмнің жаңа өлшемі ретінде қоғам дамуының маңызды бағытына айналып отыр.
Басқа жаңалықтар