«Ақпараттық жүйелер» кафедрасы кәсіби бағдар беру жәрмеңкесіне қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті, Ақпараттық жүйелер кафедрасы талапкерлер мен мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіби бағдар беру жәрмеңкесіне белсенді түрде қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – болашақ студенттерге заманауи мамандықтар туралы толық ақпарат беру, олардың кәсіби таңдау жасауына бағыт-бағдар көрсету және IT саласының мүмкіндіктерімен таныстыру болды.
Жәрмеңке барысында кафедра оқытушылары Ақпараттық жүйелер кафедрасындағы білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, оқу процесі, заманауи технологиялар мен қолданылатын бағдарламалау тілдері туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Сонымен қатар, қатысушыларға кафедрада жүзеге асырылатын ғылыми жобалар, стартаптар және халықаралық бағдарламалар жайында ақпарат берілді.
Іс-шара аясында интерактивті таныстырылымдар ұйымдастырылып, талапкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды. Бұл жастардың IT саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берді.
Аталған жәрмеңке талапкерлер мен университет арасындағы байланысты нығайтып, білім беру сапасын арттыруға өз үлесін қосты. Кафедра алдағы уақытта да осындай іс-шараларға белсенді қатысуды жоспарлап отыр.
Ақпараттық жүйелер кафедрасы атынан жауапты: аға оқытушы Ибраимкулов А.Е.