«Study in Kazakhstan» көрмесі аясында ҚазҰУ кампусына экскурсия: болашақ мамандыққа алғашқы қадам — ҚазҰУ

91ý

«Study in Kazakhstan» көрмесі аясында ҚазҰУ кампусына экскурсия: болашақ мамандыққа алғашқы қадам

14 сәуір 2026
«Study in Kazakhstan» көрмесі аясында ҚазҰУ кампусына экскурсия: болашақ мамандыққа алғашқы қадам

13 сәуір күні «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рекреациялық география және туризм кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері іс-шара қонақтары мен қатысушылары үшін университет кампусы бойынша таныстыру экскурсиясын ұйымдастырды.

Экскурсия барысында келушілер заманауи оқу корпустарын, ғылыми кітапхананы, сондай-ақ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралап, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірінің инфрақұрылымы мен білім беру ортасымен танысты. Сонымен қатар туризм және қонақжайлылық саласы бойынша білім беру бағдарламалары мен студенттердің кәсіби даму мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Аталған іс-шара кафедраның талапкерлерді тартуға және білім беру бағдарламаларын насихаттауға бағытталған кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында өткізілді. Кафедра студенттері экскурсияны ұйымдастыруға белсенді қатысып, өздерінің оқу тәжірибелерімен бөлісіп, келушілердің сұрақтарына жауап берді. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары білім беру жүйесінің флагманы ретінде сапалы білім беріп, студенттердің жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасайды. Қазіргі жаһандану және туризм индустриясының қарқынды дамуы жағдайында туризм – болашағы зор, сұранысқа ие мамандықтардың бірі болып табылады және халықаралық деңгейде мансап құруға кең мүмкіндіктер ашады.