ҚазҰУ-да академик Нұғман Аралбайдың тағылымды дәрісі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, биология ғылымының докторы, академик Нұғман Аралбайдың дәрісі өтті. Кездесу Қазақстандағы ботаника, флористика және биогеография салаларының қазіргі даму тенденциялары мен болашағына арналды.
Академиктің ғылыми жолы 1982 жылы қара шаңырақ ҚазҰУ-дың биология факультетін бітіргеннен кейін басталған. Осы жылдар ішінде ол Алтай ботаникалық бағынан бастап, Ботаника және фитоинтродукция институтына дейінгі жетекші мекемелерде басшылық қызметтер атқарып, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Дәріс барысында ғалым Қазақстан флорасының биоалуантүрлілігін сандық бағалау бойынша жүргізген көпжылдық зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Ғалым Қазақстан флорасының биоалуантүрлілігіне алғаш рет сандық бағалау жүргізіп, өсімдік түрлерінің байлығы мен олардың географиялық таралуы арасындағы өзара байланысты ғылыми тұрғыда негіздеді. Сонымен қатар ол ғылым үшін жаңа өсімдік түрлерін сипаттап, Қазақстанның жекелеген өңірлерінің өсімдіктер әлеміне қатысты алғашқы мемлекеттік кадастрларын әзірлегенін атап өтті.

Нұғман Аралбай эндемик және реликт түрлердің биологиялық бірегейлікті бағалаудағы маңызына ерекше тоқталды. Ғалымның айтуынша, өсімдіктердің бұл түрлері табиғи аумақтардың эволюциялық тарихын және олардың «биологиялық бірегейлігін» жаңаша бағалауға мүмкіндік береді. Осындай түрлердің шоғырлануына сүйене отырып, Қазақстанның «қасиетті географиясын» ғылыми тұрғыда бағалау мәселесі де қарастырылды.

Дәрістің жеке бір бөлімі эндемизм ұғымын флористикалық аудандастырудың негізі ретінде түсіндіруге арналды. Қазақстанның таулы жүйелерінің геологиялық тарихы түрлердің таралуына тікелей әсер ететіні атап өтілді: ежелгі каледон құрылымдары палео- және архиэндемизм деңгейінің жоғары болуымен сипатталса, кейінгі альпілік құрылымдарда неоэндемизм басым. Бұл тәсіл өсімдіктер дүниесінің эволюциясын және оның генетикалық әртүрлілігін тереңірек түсінуге жол ашады.

Жиын соңында академик заманауи ботаниканың классикалық шеңберден шығып, цифрлық биология, академиялық энциклопедиялар мен зияткерлік жүйелерді дамытуға бағытталған пәнаралық ғылымға айналып келе жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында студенттер мен жас ғалымдар өздерін қызықтырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар