Жасанды интеллект пен нейроғылымды дамыту жолдары талқыланды — ҚазҰУ

91ý

Жасанды интеллект пен нейроғылымды дамыту жолдары талқыланды

15 сәуір 2026
Жасанды интеллект пен нейроғылымды дамыту жолдары талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Каспий университетінің ректоры Жолдасбек Нүсенов бастаған делегациямен кездесті.

Делегация құрамында Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының генетикалық биотехнологиялар бөлімінің меңгерушісі Валерий Даниленко, профессор Мин Чэнь, Ресейдің МИФИ базасындағы Зияткерлік кибернетикалық жүйелер институтының жетекші ғылыми қызметкері София Борисевич және өзге де ғалымдар болды.

Өз сөзінде Жолдасбек Нүсенов ҚазҰУ базасында өтетін жасанды интеллект тақырыбына арналған халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталып, бұл алаң ғылыми қауымдастық өкілдері үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жобаларды талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар серіктестікті нығайтып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамытуға серпін береді. Аталған конференция алдағы күндері оқу ордасының базасында өтеді.

Сонымен қатар делегация мүшелері университет жанындағы Ми институтының ғылыми-зерттеу қызметіне ерекше қызығушылық танытып, нейроғылым, биотехнология және жасанды интеллект бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар болашақта өзара тиімді әріптестікті нығайтуға, халықаралық деңгейдегі бастамаларды бірлесе дамытуға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі