Халықаралық арбитраж мәселелері талқыландыFarabi University

91ý

Халықаралық арбитраж мәселелері талқыланды

16 сәуір 2026
Халықаралық арбитраж мәселелері талқыланды

2026 жылғы 16 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы базасында «Орталық Азия және Жібек жолы: халықаралық арбитраж және трансшекаралық инвестициялар мәселелері» тақырыбында халықаралық деңгейдегі академиялық курс ұйымдастырылды. Аталған іс-шара құқық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Курсқа Қытайдың Фучжоу қаласындағы арбитрлар алқасының мүшелері – Sun Haibo, Chen Xumei, Liu Disi және Zou Bingzhong тыңдаушы ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шетелдік мамандардың қатысуы курс мазмұнын байытып, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында қатысушылар коммерциялық құқық, трансшекаралық сауда мен инвестицияларды құқықтық реттеу, сондай-ақ халықаралық арбитраждың даму ерекшеліктері бойынша мазмұнды дәрістер тыңдады. Курсты кіріспе сөзбен кафедра меңгерушісі Г.А. Куаналиева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі және іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Дәрістерді кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы – Д.Байдельдинов, А.Исаев,Қ. Қожабек, С. Жапақов, А.Есекеева, Г.Рашева, Б.Қалымбек, М. Құрманжан және А. Құдайбергенов жүргізді. Олар өз баяндамаларында Қазақстан мен Қытай арасындағы құқықтық байланыстар, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы сауда-құқықтық қатынастар, сондай-ақ халықаралық арбитраждың заманауи үрдістері туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, курс жұмысына Ганьсу университеті профессоры К.С. Мейірханов қатысып, трансшекаралық инвестициялар мен құқықтық реттеу мәселелері бойынша құнды пікірлерімен бөлісті.

Курс барысында қатысушылар арбитраж процесінің практикалық қырларын, соның ішінде келісімшарттық дауларды реттеу, инвестициялық келіспеушіліктерді шешу және халықаралық құқық нормаларын қолдану тетіктерін талқылады. Интерактивті форматтағы талқылаулар тыңдаушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында кәсіби байланыстар орнатылып, болашақтағы ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды. Мұндай халықаралық деңгейдегі білім беру бастамалары жас заңгерлер мен зерттеушілердің кәсіби дамуына серпін беріп, құқық саласындағы жаһандық үрдістерді терең түсінуге жол ашады.