ҚазҰУ грант конкурсына өтініш қабылдау қорытындысын шығарды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ грант конкурсына өтініш қабылдау қорытындысын шығарды

21 шілде 2026
ҚазҰУ грант конкурсына өтініш қабылдау қорытындысын шығарды

2026 жылдың 13-20 шілде аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылданды.

Биылғы жылы елімізде 236 мыңға жуық түлек мектеп бітірді. Олардың 177 мыңнан астамы конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін шекті балды, яғни кемінде 50 балл жинады. Республика бойынша білім беру гранттары конкурсына 125 мыңға жуық талапкер өтініш берді.

Өтініш қабылдау кезеңінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арқылы барлығы 2 197 өтініш тіркелді. Конкурсқа қатысушылардың арасында 294 «Алтын белгі» иегері, 334 үздік аттестат немесе диплом иегері, 658 ауылдық квотаға үміткер, 405 қандас, 416 көпбалалы отбасыдан шыққан және 201 толық емес отбасыдан шыққан талапкер бар.

Республикалық статистикаға сәйкес, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2 853 өтініште бірінші таңдау, 3 118 өтініште екінші таңдау, 4 345 өтініште үшінші таңдау, ал 5 831 өтініште төртінші таңдау ретінде көрсетілген.

ҚазҰУ-ды таңдаудың жалпы саны 16 147-ні құрады. Бұл көрсеткіш төрт таңдау бағыты бойынша университеттің көрсетілу санын білдіреді және бірегей талапкерлердің жалпы саны болып есептелмейді.

Аталған нәтижелер талапкерлердің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру бағдарламаларына деген жоғары қызығушылығын және еліміздің жетекші университеттерінің бірінде сапалы жоғары білім алуға ұмтылысын көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі