ҚазҰУ магистранттары Путра Малайзия университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті
2026 жылғы 31 наурыз бен 12 сәуір аралығында география және табиғатты пайдалану факультетінің 7М11101 «Туризм» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары Путра Малайзия университетінің (UPM) орман шаруашылығы және қоршаған орта факультеті, рекреация және экотуризм кафедрасы базасында ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама 2026 жылы қол қойылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен UPM арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум (MoU) аясында ұйымдастырылды.
Тағылымдамаға қатысқан магистранттар:
- Әбубәкір Аружан Нұрланқызы
- Заминова Жұлдыз Асқарқызы
- Сүгірбай Аружан Манапқызы
- Усенова Ақжан Аяновна
- Қартанова Іңкәр Есжанқызы
- Құрманбек Салтанат Жаңабекқызы
Бағдарлама малайзиялық тарап дайындаған үш тақырыптық модульден тұрды: тұрақты туризм, экотуризм және рекреациялық экология мен ресурстарды басқару. Әр модуль теориялық дәрістерді, тәжірибелік сабақтарды және далалық зерттеулерді қамтыды.
Тұрақты туризм модулі бойынша Dr. Nor Akmar Abdul Aziz бен Assoc. Prof. Dr. Shazali Johari дәрістер мен топтық тапсырмалар жүргізді. Магистранттар Путраджая қаласына барып, Tangga Putrajaya Steps, Taman Saujana Hijau және Ботаникалық бақ сияқты нысандар арқылы қалалық тұрақты туризм тәжірибесімен танысты.
Экотуризм модулін Dr. Evelyn Lim Ai Lin мен Dr. Sheena Bidin жүргізді. Магистранттар Негері-Сембілан штатындағы Сунгай Тимун өзенінде круиз жасап, жабайы табиғатты бақылады және қоғамдастыққа негізделген экотуризм тәжірибесін зерделеді. Сол күні тарихи Малакка қаласына барып, жергілікті мәдени мұрамен танысты.
Рекреациялық экология модулі аясында Gs. Dr. Azita Ahmad Zawawi мен Dr. Zamru bin Ajuhari Кота-Дамансара ауданында (Селангор штаты) және UPM-нің оқу-зерттеу стансасы — Айер-Хитам орман резерватында (SISFEC) далалық зерттеулер ұйымдастырды. Магистранттар 1,3 км ұзындықтағы рекреациялық соқпақтың жай-күйін бағалап, антропогендік әсер түрлерін — эрозия, соқпақтың кеңеюі, тамыр жүйесінің ашылуын — тіркеді. Нәтижелер бойынша әрқайсысы жеке есеп дайындады.
Бағдарлама бойына әр магистрантқа UPM оқытушыларының қатарынан жеке ғылыми жетекші бекітілді. Жеке кеңес беру кездесулерінде далалық зерттеу нәтижелері, магистрлік диссертация тақырыптары және зерттеу бағыттары талқыланды.
Тағылымдама магистранттардың үш модуль бойынша нәтижелерін ұсынған қорытынды презентациялармен аяқталды, содан кейін сертификат табыстау рәсімі өтті.
UPM тарапынан бағдарламаны рекреация және экотуризм кафедрасының меңгерушісі Ts. Dr. Mohd Hafizal Ismail ұйымдастырды, үйлестіруші — Dr. Noor Jalilah Jumaat. ылыми жетекшілер мен дәріскерлер ретінде Assoc. Prof. Dr. Siti Suriawati Isa, Dr. Sam Shor Nahar Yaakob, Dr. Zulkhairi Azizi Zainal Abidin, Dr. Mohd Aswad Ramlan, Assoc. Prof. Dr. Shazali Johari, Dr. Nor Akmar Abdul Aziz, Dr. Evelyn Lim Ai Lin, Dr. Sheena Bidin, Gs. Dr. Azita Ahmad Zawawi және Dr. Zamru bin Ajuhari қатысты.
Тағылымдама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультеті мен UPM орман шаруашылығы және қоршаған орта факультеті арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылды.










Басқа жаңалықтар