- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да шетелдік тыңдаушыларға арналған «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты ашық іс-шара өтті
ҚазҰУ-да шетелдік тыңдаушыларға арналған «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты ашық іс-шара өтті
2026 жылғы 15 сәуірде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында 16, 17, 18-топ кураторлары Г.А. Машинбаева, Р.И. Дүйсенбаева, Г.Ә. Мұсаева және М.П. Ешимов «Қазақтың ұлттық тағамдары» тақырыбында шетелдік тыңдаушыларға арналған ашық іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты – тіл үйреніп жүрген шетелдік тыңдаушыларды қазақ халқының ұлттық тағам түрлерімен және олардың жасалу тәсілдерімен таныстыру. Сонымен қатар әр халықтың ұлттық тағамдары сол ұлттың географиялық орналасуына және негізгі шаруашылық түріне байланысты қалыптасатыны түсіндірілді.
Көшпелі қазақ халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, ұлттық тағамдардың басым бөлігі ет өнімдері мен нан түрлерінен тұратыны атап өтілді. Сондай-ақ жылқы етінің адам ағзасына тигізетін пайдасы және жылқы мен түйе сүттерінің құрамындағы дәрумендер туралы ақпарат берілді.
Іс-шара барысында тыңдаушылардың тілдік дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, олардың лексикалық қоры кеңейтіліп, қазақтың ұлттық тағамдарына қатысты жаңа сөздер мен терминдер меңгерілді. Сонымен қатар ауызекі сөйлеу дағдылары дамытылып, тыңдаушылар тақырып бойынша өз ойларын еркін жеткізуге жаттықты. Грамматикалық дағдылар, әсіресе сөз тіркестері мен күрделі сөйлем құрау қабілеті жетілдірілді. Сондай-ақ тыңдалым және оқылым дағдылары дамытылып, берілген ақпаратты түсіну және талқылау жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара нәтижесінде тыңдаушылар қазақтың ұлттық тағамдарына қатысты жаңа сөздермен танысып, қазақ тілінде күрделі сөйлемдер құрастыруға машықтанды. Бұл іс-шара шетелдік азаматтардың қазақ тілдік қорын кеңейтіп, Қазақстан мәдениетін жақыннан тануына мүмкіндік берді.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының аға оқытушысы Г.Ә. Машинбаева
Басқа жаңалықтар