Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Орталық Азияның үздік студенті атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Беркінбай Назерке Әлжанқызы Орталық Азия елдерінен қатысқан үміткерлер арасында жүлделі I орынды иеленіп, «Орталық Азияның үздік студенті» атты беделді халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.
2026 жылғы 21 наурыз күні Астана қаласында «Орталық Азияның үздік студенті» атты халықаралық байқау ұйымдастырылып өткізілді. Аталған байқау өңірдегі дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Іс-шара жастар саясатын дамытуға, студенттердің ғылыми және зияткерлік әлеуетін қолдауға, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Байқаудың негізгі ұйымдастырушысы — білім беру және жастарды дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асыратын «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы.
Қазақстан аумағында өткізілетін халықаралық «Орталық Азияның үздік студенті» (немесе «Орта Азияның үздік студенті») байқауын ұйымдастыруға «Bilim-orkenieti» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы, «Үздік студенттер академиясы» және «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы бірлесіп қатысады. Бұл ұйымдар өңірлік деңгейде білім беру және ғылыми бағыттағы іс-шараларды өткізуде мол тәжірибеге ие. Олардың бірлескен қызметі дарынды жастарды анықтауға және қолдауға, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің білім беру ұйымдары арасында тұрақты серіктестік байланыстарды қалыптастыруға бағытталған.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 наурыз күні Астана қаласында өткен «Орта Азияның үздік студенті» форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Аталған форум өңірдің үздік студенттерін, жас ғалымдарын, сарапшыларын және қоғам қайраткерлерін бір алаңға жинап, білім беру, ғылым, жастар саясаты және жастардың қазіргі қоғамдағы рөліне қатысты маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Форум барысында жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту, олардың ғылыми әлеуетін арттыру және тұрақты даму бағытындағы бастамаларды қолдау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ғылыми және әлеуметтік жобаларын таныстырды, сондай-ақ жаңа кәсіби және академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Аталған байқау «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен Инновациялық білім беру орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – ғылым, білім және қоғамның дамуына елеулі үлес қоса алатын дарынды, бастамашыл әрі әлеуметтік белсенді жастарды анықтау, қолдау және ынталандыру болып табылады. Байқау Орталық Азияның үздік студенттерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жетістіктерін таныстыруға және болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң ретінде қызмет етеді. Аталған марапат жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі, қоғамдық қызметке белсенді қатысуы және білім беру саласындағы жетістіктері үшін табысталды.
Студенттің ғылыми жетекшісі – электроника және астрофизика кафедрасының доцент міндетін атқарушы, PhD Сқабылов Әлішер Әлиұлы.
Бұл жетістік университет студенттерінің жоғары әлеуетін және олардың халықаралық деңгейде өздерін көрсете алатынын айқын дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл нәтиже білім мен ғылымға деген жауапкершіліктің, табандылықтың және үздіксіз еңбектің жарқын көрінісі болып табылады.
Беркінбай Назерке Әлжанқызын лайықты жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта қолдау бере отырып, толағай табыстарға, жаңа жетістіктерге және кәсіби өсімге жете беруіне тілектестік білдіреміз! Оның ғылыми ізденістері мен бастамалары болашақта да жемісті жалғасын табарына сенім білдіреміз.