ТЕАТР ТАҒЫЛЫМЫ: БОЛАШАҚ ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ САПАРЫ
Заң факультетінің «Құқықтану» мамандығының 1 курс студенттерімен бірге 2026 жылдың 17 сәуір күні Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына барып, «Ұлпан» қойылымын тамашаладық. Бұл мәдени сапарымыз студенттер үшін мазмұны терең, тағылымы мол әсер қалдырған ерекше рухани тәжірибеге айналды.
Қойылым Ғабит Мүсіреповтің көркем дүниесіне негізделіп, сахна тілінде ұлттық болмыстың асыл қырларын шебер жеткізе білді. Ұлпан бейнесі арқылы қазақ әйелінің тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ел тағдырына ықпал ете алатын кемел тұлға екені айқын көрінді. Оның парасаты, сабырлылығы, әділдікке деген беріктігі көрермен жүрегіне ой салып, ұлттық рухтың биік үлгісін танытты. Сонымен қатар қойылымда дәстүр мен жаңашылдықтың, билік пен әділеттің, тұлға мен қоғамның өзара байланысы көркемдік тұрғыдан терең ашылып, тарихи сананы жаңғыртатын маңызды ойлар ұсынылды.
Сахналық көріністердің әсерлілігі, актерлердің шынайы ойыны, музыкалық сүйемелдеу мен көркем безендірудің үйлесімі көрерменді сол дәуірдің тынысына жетелеп, оқиға желісін терең сезінуге мүмкіндік берді. Әсіресе, басты кейіпкердің ішкі жан дүниесі мен тағдырлы шешімдері жастарға үлкен ой салды.
Студенттер үшін бұл іс-шара тек мәдени демалыс қана емес, олардың дүниетанымын кеңейтіп, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттырған маңызды тәжірибе болды. Болашақ заңгер мамандар үшін қойылымда көрініс тапқан әділдік, адамгершілік, жауапкершілік ұғымдары кәсіби құндылықтарды терең түсінуге жол ашты. Қоғамдағы құқық пен әділеттің мәнін көркем шығарма арқылы ұғыну олардың құқықтық санасының қалыптасуына оң әсер етті.
Осындай тәрбиелік мәні жоғары мәдени шаралар жастардың тұлғалық дамуына, рухани байып, әлеуметтік жауапкершілігінің артуына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта да білім алушыларды ұлттық мәдениет пен өнерге жақындататын мұндай игі бастамалар өз жалғасын табады деп сенеміз.
Басқа жаңалықтар