Тұрақты даму күн тәртібінде: ҚазҰУ профессоры қалалық дебатта алматының экологиялық болашағын талқылады — ҚазҰУ

91ý

Тұрақты даму күн тәртібінде: ҚазҰУ профессоры қалалық дебатта алматының экологиялық болашағын талқылады

17 сәуір 2026
Тұрақты даму күн тәртібінде: ҚазҰУ профессоры қалалық дебатта алматының экологиялық болашағын талқылады

2026 жылғы 17 сәуірде Алматы қаласында «Almaty — менің мақтанышым» жобасы аясында «Ұрпақтар дебаты: «Алматы: өткені мен бүгіні» атты сараптамалық пікірталас алаңы өтті. Іс-шара Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен және Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының қолдауымен KazGASA (МОК) ғимаратында өтті. Бұл шара тікелей БҰҰ ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» индикаторларының орындалуына сай келеді.

Аталған іс-шарада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының кандидаты, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Базарбаева Турсынкул Аманкельдиевна негізгі спикерлердің бірі ретінде қатысып, «Алматы экологиялық феномен ретінде: ірі мегаполистің тұрақты даму сын-қатерлері» тақырыбында баяндама жасады.


Пікірталас алаңында сонымен қатар спикерлер Қуандықов Қуат Әбдіғаппарұлы — архитектор-урбанист, «Жаңа көрініс» ЖШС директоры; Абдрасилова Гульнара Сейдахметовна — Қазақстанның құрметті сәулетшісі, сәулет докторы, профессор;  Мейіржан Әуелханұлы — IT саласының маманы, ЖИ бағытындағы зерттеуші өз саласының жетекші мамандары қатысты. Баяндама барысында Т.А. Базарбаева Алматы қаласының ерекше табиғи-географиялық жағдайын, антропогендік жүктеменің артуын және урбанизация үдерістерінің экологиялық салдарын ғылыми тұрғыда талдап, мегаполистің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі негізгі қауіптер мен мүмкіндіктерді атап өтті. Баяндама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 11-мақсаты — «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» аясында қалалық ортаның қауіпсіздігі, экологиялық тұрақтылығы және өмір сапасын арттыру мәселелерімен тікелей байланыстырылды. 


Пікірталас барысында Алматы қаласының тарихи қалыптасуы, сәулеттік келбеті және қазіргі урбанистикалық даму үрдістері жан-жақты қарастырылды. «Бүгінгі Алматы: мүмкіндік пен мәселе» бөлімінде қаланың әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық даму бағыттары сараланып, өзекті мәселелер мен оң өзгерістер талқыланды. «Технология және қала» бөлімінде цифрландыру үдерістері, Smart City шешімдері және жасанды интеллектінің қала дамуына ықпалы сөз болды. 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» ретінде жариялануы бұл бағыттың маңыздылығын арттыра түсті.

Қорытынды бөлімде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қаланың болашағы, табиғатты сақтау мен урбанистикалық дамудың тепе-теңдігі, сондай-ақ жастардың рөлі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ҚазГАСА студенттерімен ашық сұхбат барысында болашақ мамандардың кәсіби жауапкершілігі мен қоғам алдындағы міндеттері айқындалды. Пікірталас соңында спикерлерге Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы атынан алғыс хаттар табысталды.

Аталған іс-шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетудегі және ғылыми-сараптамалық алаңдардағы белсенді рөлін айқындай түсті.