ҚазҰУ студенттері Қытай төрінде өнер көрсетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Арт-орталығы» Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын мен жетекші университеттер ректорларының форумы аясында өнер көрсетті.

ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті бірлесіп ұйымдастырған шығармашылық кешті әлемдік академиялық қауымдастықтың жетекші өкілдері, белгілі сарапшылар мен дипломаттар тамашалады.

Концерттік бағдарлама қазақ халқының бай мұрасын паш еткен туындылармен өрілді. Аяжан Қуанәлиева лирикаға толы «Бұлбұл» әнін жоғары деңгейде орындап, шетелдік көрерменді тәнті етті. «Аса таяқ» және «Бипыл» билері арқылы қазақ би өнерінің динамикасы мен көркемдігі көрсетілді. Домбыраның күмбірімен тербелген «Әлқисса» күйі мен нәзіктікке толы «Аққу» биі кештің шырайын ашты.


Сонымен қатар, Бекзат Абитовтың орындауындағы асқақ «Синяя вечность» пен Жұлдыз Бақытнұрдың нақышына келтіріп шырқаған «Дударай» әні залдағы қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Сиань Цзяотун университетінің басшылығы қазақстандық студенттердің кәсіби шеберлігіне жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірді.

Бұл сапар қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатып, қара шаңырақтың мәдени дипломатияны дамыту мен халықаралық байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін айқындады.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар