Түркиялық университетпен серіктестік артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Түркияның Кастамону университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Кастамону университетінің ректоры Ахмет Хамди Топал қол қойған келісім академиялық алмасу мен ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашады. Бұған қосымша, екі ЖОО ғалымдары зертханалар мен орталықтардың мүмкіндіктерін пайдаланып, халықаралық ғылыми журналдарға бірлескен мақалалар жариялауға мүмкіндік алады.

Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа оқу ордасының ғылыми әлеуетін таныстырды. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркияның 40-тан астам жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Соның ішінде Кастамону университеті жоғары мәнге ие. Сондықтан бүгінгі серіктестікті тереңдету бойынша жасалған меморандум алдағы уақытта ауқымды жетістіктерге жетелейді деп санаймын», – деді ректор.

Өз кезегінде Ахмет Хамди Топал Кастамону университетінің білім беру және ғылыми-зерттеу саласындағы жетістіктері туралы баяндап, қазақ жоғары оқу орнымен әріптестікті кеңейтуге мүдделілік танытты.

Келіссөз нәтижесінде қос тарап арнайы жол картасын әзірлеуге және меморандумда көрсетілген бастамаларды іске асыруға уағдаласты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар