Өткенді ұмытпау – болашаққа бағдар — ҚазҰУ

91ý

Өткенді ұмытпау – болашаққа бағдар

11 сәуір 2026
Өткенді ұмытпау – болашаққа бағдар

ПФНжКФ кафедрасында ассистент-профессорлар Габдуллина Г.Л., Тәжен Ә.Б., Кенжебекова А.И. және магистранттар Назарбек Н.Н., Қырғызбай Ә.Д., Құралбай А.Т. ұйымдастыруымен «Физика және нанотехнология» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттеріне арналған «Хат, жетпеген… Өткенді ұмытпау – болашаққа бағдар» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – студенттерге тарихтың тек өткеннің көрінісі ғана емес, бүгінгі күнмен тығыз байланысты рухани мұра екенін түсіндіру болды. Сонымен қатар, жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи сананы жаңғырту негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.

Іс-шара кіріспе бөліммен басталып, онда «жетпеген хат» ұғымының мәні кеңінен ашылды. Ұйымдастырушылар тарихты ата-бабалардан қалған үндеу, аманат ретінде түсіндіре отырып, әрбір жас ұрпақтың сол аманатқа адал болуы қажеттігін атап өтті. Бұл бөлім студенттердің тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, ойлануға жетеледі.

Негізгі бөлімде «Тарих тағылымы» атты сұрақ-жауап форматындағы танымдық кезең ұйымдастырылды. Студенттер қазақ хандығының құрылуы, тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғаларға қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Әр сұрақтан кейін қысқаша тарихи анықтамалар ұсынылып, қатысушылардың білімдері толықтырылды. Мұндай интерактивті әдіс студенттердің белсенділігін арттырып, тарихи деректерді тереңірек меңгеруге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, «Хандардың жарлығы – қасиетті аманат» бөлімінде қазақ қоғамындағы құқықтық жүйенің қалыптасуына үлес қосқан заңдар туралы мағлұмат берілді. Қасым ханның «қасқа жолы», Есім ханның «ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» талқыланып, олардың тарихи маңызы мен бүгінгі күнмен байланысы көрсетілді. Бұл бөлім студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да оң әсерін тигізді.

Іс-шараның практикалық бөлімінде студенттерге шығармашылық тапсырма ұсынылды. Олар өткен дәуірдегі тарихи тұлғаларға арнап «жауап хат» жазып, өз ойларын білдірді. Бұл тапсырма студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытып, тарихқа деген жеке көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, талқылау барысында қазіргі қоғам мен тарихи тәжірибені салыстыра отырып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қорытынды бөлімде ұйымдастырушылар тарихты құрметтеу – болашаққа деген жауапкершілік екенін атап өтті. Іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен өтіп, олардың рухани дамуына, ұлттық бірегейлікті сезінуіне және тарихи санасының қалыптасуына ықпал етті.