Құрметті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорлары,
кітапхана қызметкерлері, білім алушы жастар!
Сіздерді Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлттық кітап күні – қоғамның рухани дамуы мен зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мереке.
Кітап – адамзат өркениетінің баға жетпес қазынасы, білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың алтын діңгегі.
Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі құралы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс» – деп атап өтті.
Қазіргі жаһандану дәуірінде кітаптың маңызы бұрынғыдан да арта түскені рас.
Ақпараттық кеңістіктің кеңеюіне қарамастан, сапалы білім мен терең танымның қайнар көзі ретінде кітаптың орны айрықша.
Оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақты кітапқа баулу – қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Осы орайда, кітапханашылардың, ғалымдар мен оқытушылардың, қаламгерлер мен баспа саласы қызметкерлерінің еңбегі зор құрметке лайық.
Сіздердің кәсіби қызметтеріңіз елдің рухани дамуына, білім мен ғылымның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әрдайым еңбектеріңізге толайым табыс, шығармашылық шабыт тілейміз!
Ұлттық кітапқа құрмет пен қызығушылық арта берсін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар