- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Банктер және FinTech – Turkistan 2026» II Орталық Азия қаржы-банк форумына қатысу
«Банктер және FinTech – Turkistan 2026» II Орталық Азия қаржы-банк форумына қатысу
2026 жылғы 24 сәуірде Түркістан қаласында мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген «Банктер және FinTech – Turkistan 2026» II Орталық Азия қаржы-банк форумы өтті.
Форум жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Жанна Ермекова, сондай-ақ Экономикалық зерттеулер орталығының директоры Рустем Утегулов қатысты.

Пленарлық отырыстар мен тақырыптық панельдік сессиялар барысында қаржы секторы трансформациясының негізгі үрдістері қарастырылды. Атап айтқанда, қаржы технологияларының дамуы, банк жүйесінің цифрландырылуы, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде заманауи қаржылық экожүйелерді қалыптастыру мәселелері талқыланды. Аймақтық қаржылық интеграция, ашық банкингті дамыту, цифрлық теңге және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тұрақты даму және ESG-күн тәртібіне арналған сессиялар үлкен қызығушылық тудырды. Бұл бағыт Экономика және бизнес жоғары мектебінің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады және оның аясында ESG және жасыл қаржыландыру саласында ғылыми-зерттеу және гранттық жобалар жүзеге асырылуда. Университет тұрақты даму қағидаттарын білім беру және ғылыми қызметке жүйелі түрде енгізіп келеді. Соның дәлелі ретінде ESG-құзыреттері бар мамандарды даярлауға бағытталған, 40 студентке арналған арнайы оқу аудиториясының ашылуы болды.
Исламдық қаржыландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Экономика және бизнес жоғары мектебі ұлттық қаржы жүйесінің трансформациясы жағдайында осы бағытты дамытуға белсенді қатысуда. Мемлекет басшысының бастамаларына сәйкес екінші деңгейлі банктердің қызметіне исламдық қаржы құралдарын енгізу мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Осыған байланысты Қазақстанның Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығымен бірлесіп исламдық қаржыландыру бойынша микробіліктілік бағдарламаларын іске қосу бастамасы көтерілді. Бағдарламалар қаржы секторының өкілдерін және кең ауқымды тыңдаушыларды қамтуға бағытталған.
Форум аясында қаржы секторының өкілдерімен, оның ішінде Еуразиялық банк, Alif Bank және Алтын Банк, сондай-ақ бизнес қауымдастығымен іскерлік байланыстар орнатылып, нығайтылды. Қол жеткізілген келісімдер стратегиялық әріптестікті дамытуға, кәсіби тәжірибе базасын кеңейтуге және дуальды білім беру элементтерін енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар, форум барысында қаржы технологиялары саласындағы халықаралық сарапшы, Embedded Finance және цифрлық төлемдер бойынша кеңесші, сондай-ақ Дублин университетінің оқытушысы Shaul David-пен кәсіби байланыстар орнатылды.

Пленарлық сессияда Shaul David «The Invisible Engine: Banking in the Age of Embedded Finance and Agentic AI» тақырыбында негізгі баяндама жасап, кіріктірілген қаржы және жасанды интеллект жағдайында банк индустриясының даму тұжырымдамаларын ұсынды. Келіссөздер нәтижесінде ғылыми ынтымақтастықты дамыту және университетке арнайы ғылыми әдебиеттерді беру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Форумға қатысу университеттің елдің зияткерлік және кадрлық әлеуетін қалыптастыратын жетекші жоғары оқу орны ретіндегі стратегиялық миссиясын айқындайды. Қаржы нарығының қарқынды трансформациясы жағдайында халықаралық озық тәжірибелерді білім беру үдерісіне енгізу, индустриямен өзара әрекеттесуді дамыту және жаңа буынның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлау ерекше маңызға ие.