- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Бір кітап – мың пікір»: ҚазҰУ студенттері Бауыржан Момышұлының шығармасын пікірсайыс форматында талқылады
«Бір кітап – мың пікір»: ҚазҰУ студенттері Бауыржан Момышұлының шығармасын пікірсайыс форматында талқылады
Физика-техникалық факультетінің студенттері арасында №1 студенттер үйінде «Бір кітап – мың пікір» атты танымдық дебат ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқылған шығарма негізінде өз ойын еркін, жүйелі әрі дәлелді жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту болды. Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты – «Сапалы білім беру» (Quality Education) аясында жүзеге асырылып, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Дебат барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын талқылады. Іс-шараның мазмұны 9 мамыр – Жеңіс күніне орайластырылып, патриоттық тәрбие мен тарихи сананы қалыптастыруға ерекше мән берілді. Студенттер шығармадағы ұлттық құндылықтар, отансүйгіштік, ерлік, жауапкершілік пен адамгершілік тақырыптарына терең үңіліп, өзара пікір алмасты. Бұл өз кезегінде ТДМ-ның 16-бағыты – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» (Peace, Justice and Strong Institutions) қағидаттарымен үндесіп, саналы әрі жауапты азамат қалыптастыруға ықпал етті.
Қатысушылар екі топқа бөлініп, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғады. Дебат барысында «Ұшқан ұя» шығармасындағы отбасылық тәрбие, ұрпақ сабақтастығы, ұлттық салт-дәстүрдің рөлі жан-жақты талқыланды. Студенттер ата-әже тәрбиесінің маңызы, тұлға қалыптастырудағы әлеуметтік орта әсері туралы ой қозғап, заманауи қоғаммен байланыстыра білді. Мұндай талқылаулар инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға, әртүрлі пікірлерді құрметтеуге және ашық диалог мәдениетін дамытуға ықпал етті.

Пікірталас барысында қатысушылар тек мазмұнды жеткізіп қана қоймай, сыни ойлау, коммуникация, аргументация және көшбасшылық дағдыларын көрсете білді. Бұл дағдылар қазіргі қоғамда маңызды құзыреттер ретінде қарастырылып, тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар, іс-шара студенттердің эмоционалдық интеллектін дамытуға, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталды.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай білім беру бастамаларының маңыздылығын атап өтіп, студенттерді үздіксіз білім алуға, кітап оқуға және өз ойын еркін жеткізуге шақырды. Қатысушылар дебаттың танымдық әрі тәрбиелік маңызы жоғары болғанын атап өтіп, мұндай форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қолдады.
«Бір кітап – мың пікір» атты дебат студенттер үшін тиімді диалог алаңына айналып, олардың рухани дамуына, сыни ойлау қабілеттерінің артуына және білім сапасының жақсаруына өз үлесін қосты. Аталған іс-шара білім беру арқылы тұрақты дамуды қолдаудың нақты көрінісі болды.
Басқа жаңалықтар