- Басты бет
- Жаңалықтар
- Стрессті басқару – табысты өмірдің негізі: Студенттер психологиялық тұрақтылықты талқылады
Стрессті басқару – табысты өмірдің негізі: Студенттер психологиялық тұрақтылықты талқылады
ПФНжКФ кафедрасында аға оқытушы Байсеитов Қ.М. жетекшілігімен 1-курс магистранттары Жолмурза Жандос пен Кеңесбек Салтанаттың ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне «Оқу мен еңбек жолындағы стресс: себептері, түрлері және психологиялық тұрақтылық» тақырыбында тәрбиелік-танымдық психологиялық іс-шара өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттерге стресс ұғымының мәнін жан-жақты түсіндіру, оның пайда болу себептерін анықтау, оқу процесі мен болашақ еңбек жолына әсерін талдау, сондай-ақ психологиялық тұрақтылықты қалыптастыру жолдарын көрсету болды. Сонымен қатар, студенттердің эмоционалдық жағдайын жақсарту, өз-өзін реттеу дағдыларын дамыту және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттерін арттыру көзделді.

Іс-шара барысында тақырып арнайы дайындалған презентация арқылы таныстырылып, теориялық мәліметтер көрнекі түрде түсіндірілді. Презентацияда стресс ұғымының анықтамасы, оның негізгі себептері, түрлері (эустресс және дистресс), сондай-ақ оның адам ағзасына психологиялық және физиологиялық әсерлері жан-жақты қарастырылды. Бұл тәсіл студенттердің ақпаратты жақсы қабылдауына және тақырыпты терең түсінуіне мүмкіндік берді.
Талқылау бөлімінде студенттер оқу жүктемесі, емтихан кезіндегі қобалжу, уақыт тапшылығы, жауапкершіліктің артуы сияқты факторлардың стресс тудырудағы негізгі себептер екенін атап өтті. Сонымен қатар, стресстің оң және теріс әсерлері талданып, оның кей жағдайда адамды жетістікке жетелейтінін, ал шамадан тыс болғанда кері әсер ететінін айтты.
Интерактивті бөлімде «Ойды жалғастыр» әдісі қолданылып, студенттер стресс туралы өз ойларын қанатты сөздер арқылы жеткізді. Бұл тапсырма олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, өзара қолдау мен сенім атмосферасын қалыптастырды. Сонымен қатар, топтық жұмыстар мен психологиялық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар стресс жағдайынан шығу жолдарын ұсынды және тәжірибелерімен бөлісті.
Емтихан кезіндегі стресс ерекше қарастырылып, оны жеңудің тиімді тәсілдері ұсынылды. Атап айтқанда, уақытты дұрыс жоспарлау, демалыс режимін сақтау, тыныс алу жаттығулары, өзін-өзі мотивациялау және позитивті ойлау әдістерінің маңызы түсіндірілді.
Іс-шара соңында студенттерге «Ең креативті ой иесі», «Позитивті тұлға», «Стресс-менеджер», «Көшбасшы» сияқты психологиялық номинациялар беріліп, олардың белсенділігі мен қатысу деңгейі жоғары бағаланды.
Қорытындылай келе, бұл психологиялық іс-шара студенттердің стресс туралы түсінігін кеңейтіп, олардың психологиялық тұрақтылығын арттыруға, өз эмоцияларын басқаруға және оқу мен өмірдегі қиындықтарды тиімді еңсеруге көмектесті және болашақта пайдалы тәжірибе қалыптастырды.
Басқа жаңалықтар