Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Көкебаеваның көшбасшылық дәрісіFarabi University

91ý

Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Көкебаеваның көшбасшылық дәрісі

23 сәуір 2026
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Көкебаеваның көшбасшылық дәрісі

2026 жылдың 23 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Көкебаева Гүлжаухар Кәкенқызы Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде ғылым декадасы аясында «Еуропа архивтеріндегі Қазақстан тарихына қатысты деректер» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Дәрісте профессор Г.К. Көкебаеваның ұзақ жылдар бойы шетел архивтерінде жүргізген ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Шетел архивтеріндегі ғылыми ізденістерді профессор әртүрлі халықаралық және қазақстандық гранттар аясында жүргізген болатын. Атап айтқанда: Гүлжаухар Кәкенқызы 2003 жылы – DAAD (Неміс академиялық алмасу қызметі) гранты аясында; 2005, 2006, 2007 жж. – «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында; 2011 ж. – ҚР ОМА мен ҚР Мәдениет министрлігімен келісімшарт аясында; 2011 жылы – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты аясында; 2016 жылы – Неміс тарих институтының халықаралық гранты аясында, 2022 жылы – ҚР ҒЖБМ гранттық жобасы аясында; 2024 жылы – ҚР Орталық мемлекеттік архивінің «Архив–2025» бағдарламасы аясындағы тапсырмасымен ғылыми ізденіс жұмыстарын іске асырған болатын. Дәрісте профессор Германияның федералдық әскери архивінде, Германияның федералдық архивінде, Германия Сыртқы істер министрлігінің Саяси архивінде, Бұрынғы Германия Демократиялық Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің архивінде, Польша Республикасының Жаңа актілер архивінде, Польшаның Б.Валигори атындағы Әскери архивінде, Варшавадағы Ұлттық жады институтының архивінде, Будапештегі (Венгрия) «Ашық қоғам» институтының архивінде сақталған Қазақстан тарихына қатысты деректерді іздеу және елге әкелу әрекетін сипаттап, бірқатар құжаттардың мазмұнымен таныстырды. Дәріске тек студенттер мен магистранттар ғана емес, тарих кафедрасының ұстаздары да қызығушылық білдірді.