ҚазҰУ-да құқықтық мәдениет пен конституциялық жаңғыру мәселелері талқыланды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да құқықтық мәдениет пен конституциялық жаңғыру мәселелері талқыланды

18 сәуір 2026
ҚазҰУ-да құқықтық мәдениет пен конституциялық жаңғыру мәселелері талқыланды

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінде профессор-оқытушылар құрамының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға факультет оқытушыларымен қатар Ботаника және агроэкология кафедрасының оқытушылары да қатысып, қазіргі қоғамдағы құқықтық реформалардың маңызы жөнінде ақпарат алды.

Кездесудің негізгі тақырыбы «Жаңа Конституция және қазіргі қоғам» деп аталды. Аталған тақырып аясында Қазақстан Республикасындағы конституциялық өзгерістердің мазмұны, олардың қоғам өміріне ықпалы және құқықтық мемлекет қалыптастырудағы орны кеңінен қарастырылды.

Іс-шараға арнайы шақырылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы Сагинаев Мейржан Егинбаевич мазмұнды дәріс оқыды. Дәріс барысында баяндамашы 2026 жылғы Конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту мәселелерін жан-жақты түсіндірді.

Мейржан Егинбаевич өз сөзінде еліміздің Негізгі Заңындағы өзгерістерді білу әрбір азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Әсіресе жоғары оқу орындарында қызмет ететін оқытушылардың құқықтық сауатты болуы жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде ерекше рөл атқаратыны айтылды.

Ботаника және агроэкология кафедрасының оқытушылары кездесу барысында көтерілген мәселелерге қызығушылық танытып, конституциялық реформалардың білім беру саласына, азаматтық жауапкершілікке және қоғамның тұрақты дамуына әсері жөнінде ой бөлісті. Қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек заңгерлердің ғана емес, барлық сала мамандарының ортақ міндеті екенін атап өтті.

Шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мемлекет қағидаттары, азаматтық қоғамның дамуы және жаңа конституциялық өзгерістердің тәжірибелік маңызы туралы пікір алмасты.

Бұл кездесу факультет оқытушыларының құқықтық білімін кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік және құқықтық сана ұғымдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы