Кембридж зерттеушісі ҚазҰУ-дағы форумға жоғары баға бердіFarabi University

91ý

Кембридж зерттеушісі ҚазҰУ-дағы форумға жоғары баға берді

27 сәуір 2026
Кембридж зерттеушісі ҚазҰУ-дағы форумға жоғары баға берді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Оразбаев оқулары» атты халықаралық конференция өз жұмысын қорытындылады. Форум отандық және шетелдік археологтардың басын қосып, Еуразияның көне тарихы мен заманауи ғылыми әдістерді тоғыстырған маңызды алаңға айналды.

Конференцияның басты спикерлерінің бірі, Кембридж университетінің зерттеушісі Ребекка Робертс ҚазҰУ-дағы ғылыми ортаның деңгейін жоғары бағалады. Оның пайымдауынша, Орталық Азия бүгінде халықаралық ғылыми әріптестіктің эпицентріне айналып, әлемдік археология ғылымына тың серпін беріп отыр. «Бұл жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген өте әсерлі алаң болды. Орталық Азиядағы зерттеулер Еуразияның ежелгі тарихы туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертуде», – деп атап өтті шетелдік мейман.

Форумның ерекшелігі – археологияның БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөліне баса назар аударылуы. Р.Робертстің пікірінше, археология – жай ғана қазба жұмыстары емес, ол сапалы білім беру (ТДМ-4) мен инклюзивті қоғам қалыптастырудың пәрменді құралы.

Зерттеуші өткен кезеңнің тәжірибесі бүгінгі экологиялық дағдарысты шешуге көмектесетінін алға тартты. «Ежелгі жерді пайдалану тәжірибесі бүгінгі күні табиғи ресурстарды тиімді басқаруға және климаттың өзгеруіне бейімделуге мүмкіндік береді», – деді Р.Робертс. Мысал ретінде дәнді дақылдарды келтіріп, «Қазақстан аумағында 4000 жылдан астам уақыт бұрын өсірілген тары құрғақ әрі ыстық климатқа бейімделген тұрақты дақыл ретінде бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр», – деп атап өтті.

Сондай-ақ ҚазҰУ мен  Кембридж арасындағы байланыс ТДМ-17 (Серіктестік) аясында нығайып келеді. Қос университет студенттер мен оқытушылар алмасуын жолға қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Ребекка Робертс алдағы қыркүйек айында Кембриджде өтетін халықаралық конференцияны ҚазҰУ-мен бірлесіп ұйымдастырып жатқандарын жеткізді. «Халықаралық ынтымақтастық бізді қалыптасқан көзқарастан тыс ойлауға, әртүрлі қырынан қарауға және жаңа шешімдер табуға жетелейді, нағыз ғылыми прогресс дәл осындай ортада қалыптасады», – деді Ребекка Робертс.

Конференция қорытындысында жас зерттеушілердің жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдысына назар аударылды. Әсіресе археологияда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды этикалық тұрғыдан дұрыс қолдану мәселесі көтерілді.

Форум қатысушылары археология ғылымының жаһандық сын-қатерлерді түсінудегі және тұрақты болашақ құрудағы стратегиялық маңызын бірауыздан мақұлдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі