Сарапшылар кедейлікті зерттеу нәтижелерін жарияладыFarabi University

91ý

Сарапшылар кедейлікті зерттеу нәтижелерін жариялады

29 сәуір 2026
Сарапшылар кедейлікті зерттеу нәтижелерін жариялады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Қазақстан өңірлеріндегі табыс теңсіздігі мен халық кедейлігі: өлшемдер, құрылымдық факторлар және әлеуметтік саясат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. 

Жиынның мақсаты – ел өңірлеріндегі кедейлік пен табыс теңсіздігі мәселелерін кешенді ғылыми тұрғыда зерделеу, оларды өлшеу мен мониторинг жүргізудің заманауи әдіснамаларын жетілдіру, негізгі құрылымдық факторларды айқындау, сондай-ақ тиімді әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру. Дөңгелек үстел жұмысына халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық өкілдері, оқытушылар, жас ғалымдар мен докторанттар қатысты.

Жиынды ашқан Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының міндетін атқарушы Жанна Ермекова әлеуметтік теңсіздік мәселесінің елдің орнықты дамуындағы маңыздылығын атап өтті. «Бүгін біз тек статистика туралы емес, халықтың өмір сапасы туралы айтып отырмыз. Табыс теңсіздігі – терең әлеуметтік-экономикалық үдерістердің көрінісі. Оларды түсіну тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін аса маңызды», – деді ол.

Экономика кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалия Дәулиева ғылыми пікірталастың практикалық рөліне назар аударды.

Негізгі баяндаманы Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша кедейлік пен теңсіздік мәселелері жөніндегі аға экономисі Метин Небилер жасады. Ол деректер сапасының шешім қабылдаудағы әсеріне тоқталып, «Сапалы әрі салыстырмалы деректерсіз тиімді саясат құру мүмкін емес. Кедейліктің тек деңгейін емес, оның құрылымын, динамикасын және өңірлік ерекшеліктерін де түсіну қажет», – деп пікір білдірді.

Сондай-ақ талдамалық баяндаманы Ұлттық статистика бюросының өкілдері Мейрамбек Жұмаділдин мен Самал Керейбаева, ҚР ылым комитетінің Экономика институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, профессор Зәуре Чуланова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Әсия Құрманқұлова, сондай-ақ AlmaU зерттеуші-доценті, PhD Жансая Темірболатова ұсынды.

Пікірталас барысында өңірлік айырмашылықтар, адами капиталдың рөлі, еңбек нарығының жай-күйі, инфрақұрылымдық шектеулер және мемлекет, ғылым мен халықаралық ұйымдардың өзара іс-қимыл мәселелері кеңінен қарастырылды. ҚазҰУ докторанты Анар Ысмағұлова кедейлікті бағалау тек табыс деңгейімен шектелмеуі тиіс екенін атап өтіп, «Халықтың білімге, денсаулық сақтау қызметтеріне, инфрақұрылымға және негізгі қызметтерге қолжетімділігі де ескерілуі қажет», – деді .

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әлеуметтік саясат тетіктерін жетілдіруге және табыс пен кедейліктің өңірлік айырмашылықтарын зерттеуді дамытуға бағытталған нақты шешімдер әзірленді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі