ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ ЗЕРТТЕУШІ-ПРОФЕССОР Л.Г.ЕРЕКЕШЕВА САРАПШЫЛЫҚ ДӘРІС ОҚЫДЫFarabi University

91ý

ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ ЗЕРТТЕУШІ-ПРОФЕССОР Л.Г.ЕРЕКЕШЕВА САРАПШЫЛЫҚ ДӘРІС ОҚЫДЫ

29 сәуір 2026
ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ ЗЕРТТЕУШІ-ПРОФЕССОР Л.Г.ЕРЕКЕШЕВА САРАПШЫЛЫҚ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің зерттеуші-профессоры Ерекешева Лаура Ғибратқызы Философия, саясаттану және дінтану институтында арнайы сарапшылық дәріс оқыды. Профессор сарапшылық кездесуде «Үндістандағы ұлт құрылысы: интеллектуалдық тарихтың аспектілері» тақырыбында баяндама жасады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлт ұғымын интеллектуалды тарих тұрғысынан кешенді қарастыру, ұлттық бірегейлікті зерттеудің заманауи әдіснамалық тәсілдерін айқындау және ғылыми пікір алмасуды жандандыру. Кездесу барысында қатысушылар арасында мазмұнды талқылау өтіп, ұлт құрылысы мәселелерін салыстырмалы және пәнаралық тұрғыда зерделеудің өзектілігі атап өтілді.

Баяндама аясында ұлт ұғымын теориялық тұрғыда түсіндірудің негізгі тәсілдері, сондай-ақ ұлтшылдық, ориентализм және деколониалдық бағыттармен сабақтас интеллектуалдық дәстүрлердің қалыптасу ерекшеліктері жан-жақты қарастырылды. Кездесу барысында қатысушылар ұлт ұғымының түрлі теориялық интерпретацияларын, үнді қоғамындағы интеллектуалды дискурстың өзіндік қырларын және ұлттық бірегейлікті зерттеудің заманауи әдіснамалық тәсілдерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, үнді контексіндегі интеллектуалды дискурсты түсіндіруде постколониалды және деколониалды теориялардың маңызы айқындалды. Бұл тұрғыда Эдвард Саидтың ориентализм концепциясы, Парта Чаттерджи субальтерндік зерттеулер мектебінің идеялары, сондай-ақ колониялық білім өндірісіне сын көзбен қарайтын деколониалды бағыттардың ықпалы қарастырылды. Баяндамада үнді интеллектуалдары ұлт және деколониалдық мәселелерді қалай пайымдайтыны, олардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі жан-жақты талданды. Интеллектуалды тарихи және тарихнамалық дәстүрдің ұлт құрылысы үдерістеріне ықпалы, оның тек бейнелеуші емес, сонымен қатар қалыптастырушы фактор ретіндегі қызметі ерекше атап өтілді. Осы тұрғыда ұлт құрылысы тек саяси немесе әлеуметтік құбылыс ретінде емес, күрделі интеллектуалды дискурс ретінде қарастырылып, онда идеялар, мәтіндер, академиялық дәстүрлер мен білім өндірісінің маңызды рөл атқаратыны негізделді.

Іс-шара гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері бойынша ғылыми диалогты тереңдетуге, академиялық пікір алмасуды жандандыруға, сондай-ақ ұлт құрылысы үдерістерін салыстырмалы және пәнаралық тұрғыда зерделеуді дамытуға ықпал етті.