«Құқықтық тәртіп және жатақхана мәдениеті» атты профессорлық лекция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп және жатақхана мәдениеті» тақырыбында профессорлық лекция ұйымдастырылды. Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шара университеттің №8 студенттер үйінде өтті.
Профессорлық лекцияның басты мақсаты — студент жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, жатақханадағы өмір сүру мәдениетін дамыту, ішкі тәртіп ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндіру және жауапты азаматтық ұстанымды нығайту болды. Іс-шараға Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері белсенді қатысып, өзекті тақырыптар бойынша пайдалы ақпарат алды.
Лекция барысында студенттердің құқықтары мен міндеттері, жатақханадағы тұрмыс мәдениеті, қоғамдық тәртіп нормалары, қауіпсіздік талаптары және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, университеттің ішкі тәртіп ережелерін сақтау, өзара сыйластық қарым-қатынас орнату, ортақ мүлікке ұқыптылықпен қарау, тазалық пен тәртіпті сақтау секілді маңызды құндылықтарға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында жатақхана — тек уақытша тұратын орын ғана емес, студенттердің әлеуметтік бейімделу ортасы екені атап өтілді. Сондықтан әрбір білім алушы академиялық адалдық қағидаларын ұстанып, мәдениетті мінез-құлық танытып, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға үлес қосуы қажет екендігі түсіндірілді. Студенттердің құқықтық жауапкершілігі, әкімшілік құқықбұзушылықтардың салдары және алдын алу жолдары нақты мысалдар арқылы баяндалды.
Лекция интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жатақхана өміріне қатысты түрлі жағдайлар бойынша тәжірибелік кеңестер алды. Ашық диалог форматындағы кездесу жастардың құқықтық білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
Осындай тәрбиелік бағыттағы профессорлық дәрістер студенттердің тұлғалық дамуына, құқықтық санасының қалыптасуына және университет қабырғасындағы қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын нығайтуға ықпал етеді. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде ұйымдастырылған бұл лекция студенттердің құқықтық тәртіпті сақтау мәдениетін жетілдіруге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Басқа жаңалықтар